Біздің посткеңестік елдер сыйлық беруге құмар – Н.Назарбаев

Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Хабар» агенттігі тілшісінің сауалдарына жауап бере отырып, өзге мемлекет басшылары тарапынан жасалған есте қаларлық ерекше сыйлықтар туралы да айтты.

– Батыс елдері мұндайға қызықпайды. Мысалы, тәжірибесіздігімнен Клинтонге оның портреті салынған кішкентай кілем сыйладым. Біздің Алматыдағы фабрикада тоқылған. Төрге іліп қойып, өзіне қарап отырады ғой деп ойлағанмын. Сыйлығымызды табыстадық, кездесуге келсем, қабылдау бөліміндегі хатшы қыздың жанында жатыр. Қабылдау бөліміне төсеп қойыпты. Бізде мұндайға жол бермеуші еді. Ал ол жақта бәрі басқаша.

Біздің посткеңестік елдер сыйлық беруге құмар. Айталық, Бердімұхамедовке ақалтеке жылқысы сыйға тартылды, жақсы сыйлық, шын жүректен жасалған. Өзбек шапандарын, зергерлік бұйымдар сыйлап жатады, қырғыздар да жылқы сыйлағанды ұнатады. Біз де сыйлық жасаймыз. Солай қабылданған.

Испания королі де есіме түсіп отыр. Мадридте ЕҚЫҰ отырысының қай жерде өтетіндігі талқыланып жатқан. Ол әр екі сағат сайын қоңырау шалып: «Қиындау жүріп жатыр, бірақ сен уайымдама, біздің министр сендердің өкілдеріңмен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Оң шешім қабылдануы тиіс», – деді.