ҚР СІМ Венгрияда «QazVac» вакцинасын пайдалану мүмкіндігін ұсынды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Мажарстан Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Михай Варганың тең төрағалығымен Қазақстан-Венгрия стратегиялық кеңесінің 5-отырысы өтті. 

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады. 

COVID-19 індетінің теріс әсеріне қарамастан, екіжақты тауар айналымы оң динамиканы көрсетіп, 2021 жылғы 8 айда өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға өскенін қанағаттанушылықпен атап өтті. 

Қазақстан мен Венгрия індет кезінде бір-біріне қолдау көрсетуді жалғастыруда. Сонымен, маусым айынан бастап вакцинация паспорттарын өзара тану туралы келісім жасалды. Сонымен қатар, қазақстандық тарап мажар әріптестеріне Мажарстанда «QazVac» вакцинасын пайдалану мүмкіндігін ұсынды. 

Осы тұрғыда тараптар азаматтардың өзара сапарларын жеңілдету, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы тікелей әуе қатынасында жаңа бағыттарды іске қосу мүмкіндігі мақсатында тиісті диалогты жалғастыруға келісті. 

Ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықтың бірнеше перспективалық бағыттарын – сүтті мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы салаларын дамыту, қарқынды қой шаруашылығы, сондай-ақ венгр селекциясының жүгері тұқымдарын өндіру салаларын қарастыруға уағдаласты. 

Тараптар қазақстандық және мажар инвесторларға өзара қолдау мен жәрдем көрсетуді жалғастыру ниетін растады.

Білім беру саласындағы ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Бүгінде Қазақстанның 800-ден астам азаматы Мажарстанның жетекші университеттерінде білім алуда. «Stipendium Hungaricum» бағдарламасы бойынша мажар тілінде оқуға қызығушылық танытқан студенттер саны өсуде. 

Сол күні Мажарстаннан келген өкілді бизнес-делегацияның және қазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен ірі бизнес-форум өтіп, оның барысында медициналық туризм, ауыл шаруашылығы, «жасыл энергетика», көлік және логистика салаларында бірқатар инвестициялық меморандумдарға қол қойылды. 

Сапар аясында М. Варганы ҚР Президенті Қ. Тоқаев қабылдады, сондай-ақ оның ҚР Премьер-Министрі А.Мамин, Парламент Мәжілісіндегі «Қазақстан-Мажарстан» парламентаралық достық тобының жетекшісі М.Құсайынов, Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиев, Қаржы министрі Е.Жамаубаев және Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетовпен кездесулері өтті. 

Өткен сапар Қазақстан мен Венгрия  арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетуге қосымша серпін берді.