Қазақстан мен Финляндия ынтымақтастығына 30 жыл

Финляндия Республикасының елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист Хельсинки мен Нұр-Сұлтан арасындағы ынтымақтастық оң бағытта жалғастыратынын растады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дипломат Қазақстан Финляндияның Орталық Азия аймағындағы басты серіктесі екенін және Қазақстан нарығына қызығушылық жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі екі ел арасындағы халықаралық қауіпсіздік саласында әріптестік орнатуға және көпвекторлы саясатты қолдауға дайын екенін жеткізді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 300 миллион доллардан асты. Ал Қазақстанда 40-тан астам бірлескен кәсіпорын мен фин компаниясының өкілдігі табысты жұмыс істеп жатыр.

Роман Василенко, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Қазақстан мен Финляндия қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді жақтайды. Біз жаһандық және аймақтық мәселелердің шешілуі мен олардың тұрақты дамуына жәрдемдесеміз. Онымен қоса, ядролық қару таратпау мен қарусыздану сияқты мәселелерге басты назар аударамыз. Біз экономикалық және инвестициялық байланыстарымызды одан әрі нығайтуға мүдделіміз.

Жақында Финляндия президенті Саули Ниинистё мен премьер-министр Санна Марин Солтүстік Атлантикалық альянсқа шұғыл кіру туралы бірлескен мәлімдеме жасаған болатын. Бұған дейін Хельсинки ондаған жылдар бойы бейтарап мәртебе сақтап келді. Министрлер кабинеті НАТО-ға мүше болу – елдің қауіпсіздігін нығайтады деп есептейді.