ШЫҰ елдері туризм саласын бірлесіп дамытады

Шанхай сегіздігі 3 млрд халқы бар алып нарық. Ұйымға мүше елдердің мәдени-рухани, туристік саладағы байланысы бекем. Сол ынтымақтастықты одан әрі нығайту керек. Ташкентте 8 елдің туризм саласы өкілдерінің отырысы өтті. Қазақстандық делегация бірқатар бастама көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рауан Мыңбаев, тілші:

Ташкентте көне ғимарат, киелі жерлер көп. Ел аумағында тарихи орындар да жетерлік. Бір парасының қазақпен рухани байланысы бар. Ұлы жүз бен Кіші жүз билерінің сүйегі осы елде жатыр. Кейінгі кезде көрші мемлекет туризм саласын қарқынды дамытып келеді. Саяхат саласы экономикаға миллиардтаған доллар табыс әкеліп жатыр. Тур компаниялары мен меймандарға жайлы жағдай, түрлі жеңілдік ұсынылады.

Өзбекстан астанасына Қазақстан делегациясын мәдениет және спорт министрі бастап келді. Шанхай сегіздігі сынды алып нарықпен ынтымақтастықты нығайту жолдары талқыланды. Қытай, Үндістан, Ресей сынды алпауыттар құрамына мүше болғандықтан, туристік тұрғыда мүмкіндігі орасан. Орталық Азияға бұл елдерден саяхатшыларды көптеп тарту экономиканы ілгерілетеді.

Әзиз Абдухакимов Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары:

Президентіміз туристік салада үлкен реформа жасады. Оған дейін саланың жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі 1 процентке дейін жетпейтін. Пандемияға дейін ол 4 процентті құрады. Келешекте қарқын азаймайды деген үміттеміз.

Киелі Түркістаннан басталып, Жалаңтөс жай тапқан Самарқанда жалғасатын туристік бағыт бар. Кейін Бұхараға бағыт алады. Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп осы трансшекаралық саяхат дәлізін дамытуға ден қойды. Ең алдымен инфрақұрылым жетілдіріліп жатыр. Мақсат – кез келген елдің аумағында заманауи логистика желілерін құру. Еліміз бұл бағытта бірқатар жобаны қолға алды.

Дәурен Абаев ҚР мәдениет және спорт министрі:

Біз тек Түркістанды емес, Таразды да қосамыз. Одан әрі Каспий жағалауы бойынша Ресей арқылы круизді қарастыруға дайынбыз. Бұл жерде біз жол салуымыз керек. Туристік нысандар керек. Одан басқа адамдар тоқтап, көптен бері айтып жүрген санитарлық узельдер салуымыз керек. Қарқынды дамиды деген сенімдеміз.

Ресми Ташкент туризм саласын министрлік ретінде қайта құрылымдады. Ішкі жалпы өнімге қосатын үлесін 10 процентке жеткізуді көздеп отыр. Әзірге қазынаға түсетін пайда 1 млрд доллардың шамасында. Қазақстан да сала жұмысын жетілдірсе, туризмді негізгі табыс көзіне айналдыра алады. Осы мақсатта еліміз визасыз режим ұсынған елдер санын 100-ге жеткізеді. Мәдени саладағы байланысты да жаңа деңгейге көтереді.

Дәурен Абаев ҚР мәдениет және спорт министрі:

– Әрбір мемлекет креативті индустрияны дамытуға ден қойды. Оны өркендетсек, жалпы ішкі өнімге 4 процент пайда келеді. Бұл ретте Шанхай сегіздігіне креативті сала жұмысын дамытатын жұмыс тобын құруды ұсынамыз. Бір-бірімізден үйренеріміз көп. Шығармашылық оқу орындары арасында байланыс орнатып, студенттердің тәжірибе жинақтауына мүмкіндік ұсынған да жөн деп ойлаймыз. Қазақстан ұйым шеңберінде этно фестиваль, ақын-жазушылар слеті және басқа да мәдени шараларды өткізуді ұсынамыз.

Туризм тұтастай экономиканы түлетеді. Бұған әлемде нақты мысалдар көп. Шағын және орта бизнес дамыған соң халыққа жұмыс орындары ашылады. Мемлекет мүмкіндік ұсынса, бизнес иелері қосымша табыс табудан тартынған емес. Бұл бағытқа Шанхай сегіздігі өкілдерінің басқосуы тың серпін беруге тиіс. Отырыста қаралған мәселелер күз айларында Самарқанда өтетін президенттердің саммитінде қайта қаралады. Нақты жоспары да түзіледі.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов