Қазақстан мен Ватикан ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Бұл туралы Премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Рим папасы Францискпен және Қасиетті тақтың өзге де өкілдерімен кездесуден кейін бірлескен коммюникеде жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рим папасы биыл қыркүйек айында өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезіне қатысуға келісті. Биыл Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар арасында өзара құрмет пен құндылықтарға негізделген берік ынтымақтастық орнады.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі:

– Ватикандағы кездесулер барысында Рим папасы өзінің Қазақстанға ресми сапары туралы және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысатыны туралы растады. Сонымен қатар Ватикандағы Қасиетті тақтың басшылығымен басқа да кездесулер өткіздім. Кездесулер барысында аймақтағы Орталық Азиядағы жағдай туралы және Ауғанстан мен Украина мәселелерін талқыладық. Әрине Ватикан осы халықаралық мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымын қолдауда.

Мигель Ангель Аюсо Гиксот, папаның дінаралық диалог жөніндегі кеңесінің басшысы:

– Рим папасы Франциск пен Қазақстан сыртқы істер министрінің арасындағы келіссөз жемісті болды. Рим папасының Қазақстанға сапары келісілгеніне өте қуаныштымыз. Біз Қазақстанның дінаралық құндылықтарды дәріптеу үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің жетінші отырысын ұйымдастырғалы отырғанына алғысымызды білдіреміз.

1998 жылы Қазақстан Орталық Азияда алғаш болып Ватиканмен өзара қарым-қатынас туралы келісімшартқа қол қойды. Ал 2001 жылы Рим папасы Иоанн Павел ІІ сапар шеккен аймақтағы алғашқы ел болды. Қазақстандағы Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ватикан кітапханасы арасындағы және өзге де меморандумдар осы тығыз байланыстың дәлелі.

Дүкен Мәсімханұлы, Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры:

– Бұл жерде ең бастысы Ватикан апостолдық мұрағатында ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы, қазақ тарихы және ежелгі түркілер тарихына қатысты көптеген архивтік құжаттар бар екені сақталып келгені анықталып отыр. Бұл деген сөз, болашақта біздің ғалымдарымыздың Қазақстан тарихына қатысты Қазақстан тарихындағы ақтаңғақтарға қатысты немесе бұрмаланып келген ақиқаттарды, шындықтарды дұрыстауға жөнге келтіруге үлкен көмегі тиеді деп есептейміз.