Азия кеңесінің құрамы кеңейеді – Өзбекстан

Қазақ дипломатиясының төл бастамасы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім кеңесін толыққанды ұйымға айналдыру жөніндегі шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хатшылық өкілдері биыл күзде елордада өтетін алқалы жиынға әзірлікті бастап кетті. Таяуда атқарушы директор Қайрат Сарыбай бастаған делегация Өзбекстанда болып, кеңес аясында ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Бауырлас ел қазақстандық дипломаттардың мақсат-міндетіне қолдау білдірді. Бұл бастаманың іске асуына өзбек тарапы да мүдделі. Тіпті келер жылы арнайы басқосу ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Кеңеске 27 ел мүше. Соның бірі – Өзбекстан. Тағы 9 мемлекет бақылаушы мәртебесіне ие.

Қайрат Сарыбай, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім кеңесі хатшылығының атқарушы директоры:

– Азия кеңесі Азия құрлығында өзара сенімді орнату мақсатында құрылған. Бұл Еуропадағы ынтымақтастық ұйымына пара-пар, сол идеяларды Азияда дамытуға арналған бастама. Кеңес құрамында 27 мемлекет бар. Бұл сан ұлғаяды. Жақын арада тағы қосылатын мүше мемлекет болуы мүмкін.