Мәжілісте кәсіптік біліктілік туралы заңның жобасы таныстырылды

Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген қазақстандықтарға, кәсіптік біліктілік ваучерлері беріледі. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Олжас Ордабаев Мәжілісте жаңа заңның жобасын таныстырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжатқа сәйкес келесі жылы 1 мың ваучер бөлінеді. Жауапты ведомство өкілінің мәлімдеуінше, мұндай шара азаматтарымызды жұмысқа орналасуға ынталандырады. Ваучерді алғаннан кейін оны пайдаланбағандар бұл сертификатты қайтаруға міндетті. Ол тізімдегі келесі адамға табысталады. Заң жобасында жұмыс істеп жүргендердің біліктілігін арттыру мәселесі де қамтылған. Мәселен, енді жұмыс беруші курсқа қатысып жүрген қызметкерлерге орташа жалақысын төлеуге міндеттеледі. Жиында сөз сөйлеген депутаттар министрлік кәсіби стандарттар жүйесін реттеп, саланы қатаң қадағалау қажеттілігін атап өтті.

Олжас Ордабаев, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

– Еңбек кодексіне сәйкес кәсіптік біліктілік пен дағдыларды тану кезінде жұмысшыларға өтемақылар беріледі. Ваучерлік модульді жүйе енгізіледі. Жұмыссыз адамдарға ваучерлерді тегін беру. Жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде жұмысшылардың дағдыларын тану ескеріледі.