Францияның Аlstom, Total және Air Liquide компаниялары Қазақстандағы кәсібін ұлғайтады

Біздің елге француздардың шағын және орта бизнес өкілдерінің қызығушылығы да жоғары.

Оған Қазақстан-француз кеңесі отырысына түрлі кәсіп өкілдерінің көптеп қатысуы дәлел. Дүниежүзіндегі дағдарысқа қарамастан Қазақстан әлемнің бизнес қауымдастығы үшін ең тартымды елдің бірі болып отыр. Елімізде көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компаниялар Орталық Азия аймағындағы бизнесін кеңейтуді қалайды. Геосаяси жағдайға  байланысты Еуропа мен Азияны байланыстыратын балама жолдар іздестіріліп жатыр. Мұны алғашқы жарты жылда Қазақстан мен Франция арасындағы сауда айналымының өткен жылмен салыстырғада 12%-ке артуынан байқауға болады.

Ив-Луи Даррикаррер, Қазақстан-Франция іскер кеңесінің тең төрағасы: 

- Әлемде тауар тасымалдау тізбегінің өзгеруі, санкциялардан ғаламдық нарықтардың қайта құрылуы сынды түрлі жағдайлар болып жатыр. Мұның бәрі инфляцияның шарықтауына әкелді. Осы ретте Қазақстан мен Франция кәсіпкерлері арасындағы байланыстың одан әрі қарқынды дамуы маңызды.

Ги Сидос, Vicat компаниясының бас директоры:

- Бүгінгі кеңеске француз кәсіпорындарының өкілдері әдеттегіден көп жиналды. Бұл осы ел кәсіпкерлерінің Қазақстанға деген сенімінің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Геосаяси ахуалға байланысты бұл үрдіс күшейіп, Қазақстан шетелдік инвесторлардың Орталық Азия нарығына кіретін басты елге айналды.

Поль Мариа, Orano компаниясының вице-президенті:

- Қазақстан әлемде уран мен атом энергетикасының өндірісінде маңызды рөл атқарады. Франция бұл серіктестік пен атом өнеркәсібіндегі басқа да секторларға мән беріп отыр.

Бүгінде әлемдік бизнес, оның ішінде француздық бизнес Қазақстанның ішкі жаңалықтарына аса қызығушылық білдіре бастады. Орталық Азиядағы экономикасы ірі мемлекет ТМД елдері арасында ең тұрақтысы деп танылған.

Гүлсара Арыстанқұлова, ҚР Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша елде атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар, реформалар француз бизнесінің жіті назарында. Олар осы алға қойған үлкен мақсаттарының бәрі сәтті орындалып, Қазақстанның тұрақтылығы саяси-экономикалық  дамуы ары қарай да өрбиді деген сенім білдіріп отыр.