Премьер-Министр жұмыс сапарымен Алматыға барды

Премьер-Министр бүгін жұмыс сапарымен Алматыға барды.

Әлихан Смайылов өндіріс нысандарының жұмысымен және құрылысымен танысып, шағын өнеркәсіп парктері мен қаладағы индустриялық аймақ резиденттерімен кездесу өткізді. Соның бірі жолаушылар, жүк және мамандандырылған техника шығаратын Hyundai Trans Almaty зауыты. 2011 жылы іске қосылған кәсіпорынның басшылығы алдағы бірнеше жылдары өндірісті кеңейтуді, жаңа жұмыс орындарын ашып, экспортты ұлғайтуды және лока-лизациялау үлесін арттыруды жоспарлап отыр. Әлихан Смайылов Үкімет ел экономикасын одан әрі әртараптандыруды қолдайтынын және бұл зауыт осы жұмыстың бір мысалы екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- 12 жыл ішінде кәсіпорын нарықтағы өз позициясын едәуір нығайтты. Біз компанияның өнім желісіне инвестиция салу және оны кеңейту жоспарын құптаймыз. Мемлекет басшысы қала әкімдігінің алдына халықты жүріп-тұруға ыңғайлы көлікпен қамтамасыз етіп, экологияға тигізетін зиянды азайту міндетін қойды. Сондықтан бұл өндіріс тек қалаға ғана емес, бүкіл ел үшін де маңызды.

Бұдан бөлек Үкімет басшысы жоғары қысыммен құю әдісін қолданатын Қазақстандағы алғашқы алюминий және биметалл жылу радиаторларын шығаратын зауыт құрылысының барысымен танысты. Жобаға салынған жалпы инвестиция шамамен 15 млрд теңге. Бұл зауыттың өнімі беріктігі мен жылу беру бойынша Қытайда шығарылып, Қазақстанға әкелінетін баламалы радиаторлардан 40-50 пайызға асып түспек. Компания 430 жаңа жұмыс орнын ашуды, отандық құрылыс компанияларының сұранысын ішінара қамтамасыз етуді және өнімін көрші елдерге тасымалдауды жоспарлап отыр. Жалпы Премьер-Министрдің айтуынша, Алматының индустриялық аймағы отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды. Бүгінгі таңда қала әкімдігі оның аумағын 194 гектарға кеңейтіп жатыр.