Сайлау-2023: саяси науқандағы жаңашылдық

12 млн 30 мыңнан астам қазақстандық сайлаушы конституциялық құқығын іске асыра алады. Бұл мақсатта республикада және шет елдерде 10 200-ден астам дауыс беру учаскесі ашылды. Сайлау учаскелерінің жұмысына ұзын саны 86 440 комиссия мүшесі жауапты. Саяси маңызы зор науқанды мінсіз атқару – дәл осы комиссия мүшелеріне артылған міндет, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолғы сайлауда кандидат саны көп болғандықтан, бюллетень саны да аз емес. Астана, Алматы және Шымкент шаһарларында бір сайлаушыға 4, ал өзге өңірлерде 5 бірдей дауыс беру парағы табысталады. Күн ұзақ әр дауыс берушіні тіркей отырып, әрітүрлі түсті бюллетеньді шатастырмай, үлестіру үлкен ыждиһат пен мұқияттылықты қажет етеді. Дайындық мәселесіне келгенде, Орталық сайлау комиссиясы бұл жолы тың әдісті қолданды. Ол – іскерлік-семинар тренингтер. 

Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетінің заң факультетінде оқитын студенттер де тренингке жұмылдырылды. Олар өңірдегі учаскелік комиссия мүшелерінің алдында осы сияқты сайлау күні болуы мүмкін жағдайларды бейнелеп көрсетті.  

Көрнекті мысалды негізге ала отырып, комиссия төрайымы рөліндегі студент жасаған ескертудің дұрыс-бұрыстығын Орталық сайлау комиссия мүшесі көпшілікке тәптіштеп талдап берді.

Түсіп Рыспеков, ҚР Орталық сайлау комиссиясы бөлім меңгерушінің орынбасары:

- Міндетті түрде заңның талаптарына сілтеме жасау керек. Бізде әкімшілік кодекс бар, құқық бұзушылық туралы. Сол кодексте бізде 79 бап бар. Ол жерде адамның өзінің рұқсатынсыз ол туралы бейнесін, түсіруге болмайды.  Сол үшін егер түсіріп жатса, 10 АЕК, яғни 34 500 теңге айыппұл салынады.

Осылайша болашақ заңгерлер, бір жағынан, саяси процестерге машықтанса, екінші жағынан, сценарий бойынша жіберген қателіктер комиссия мүшелеріне сабақ болады. Жалпы, Орталық сайлау комиссиясы осы тәрізді 400-дей кейс әзірлеген. 

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Менің тағы да айтайын дегенім, заңды қатаң сақтауымыз керек. Тек заңға сүйене отыра жасайтын болсақ, ертең шындық, әділдік сіздерде болады, бізде болады.

Еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қалаға арнайы барған құзырлы орган мүшелері әр учаскенің сақадай сай болуын қадағалады. Жалпы, осы сияқты 9 мыңның үстінде семинар өткізіліп, жергілікті мүшелердің білімдері жетілдірілді.

Авторлары: Аймақтардағы тілшілердің көмегімен Бақыт Топтаева.