«Барыс» хоккейшілері «Металлургтен» тағы жеңіліп қалды

Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» бүгін, 7 ақпанда Ресейде «Металлург» (Магнитогорск) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, екі команда бұған дейін биылғы турнирде үш мәрте кездесті. 2020 жылдың 17 қарашасында елордада «Металлург» буллиттен 2:1 есебімен басым түссе, 30 желтоқсанда «Барыс» овертаймда аталған қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін 3 ақпанда ресейлік клуб өз айдынында қазақстандық клубты 3:1 есебімен тізе бүктірді. Осылайша «Барыс» аталған қарсыласына соңғы екі ойында есе жіберіп қойды.

Сол кеткен есені бүгін қайтаруға тырысты. Дегенмен, есепті алғашқы болып ресейлік хоккейшілер ашты. Ойынның 20-минутында Сергей Плотников мергендігімен көзге түсті. Оған екінші кезеңнің 22 және 38-минуттарында «Барыс» хоккейшісі Фил Вароне екі шайбамен жауап қайырды. Осылайша қазақстандық команда алға шықты.

Үшінші кезеңде «Металлург» сапынан алдымен Сергей Плотников 46-минутта гол соқса, одан кейін Николай Кулёмин 50-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ресейлік клуб «Барыстан» 3:2 есебімен басым түсті. Енді «Барыс» 16 ақпанға дейін үзіліс алды. Сол күні елордада Ресейдің «Авангард» командасын қабылдайды.

Естеріңізге сала кетсек, «Барыс» бұдан бұрын Ресейде «Сибирь» командасынан басым түсті.