Ақтөбеде теннистен аймақтық командалық турнир өтті

«Батыс кубогы». Дәл осындай атаумен Ақтөбеде аймақтық командалық турнир өтті.

Оған Атырау, Ақтау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан областарының 12 жасқа дейінгі спортшылары қатысты. Бас-аяғы 32 теннисші 3 күн бойы өзара мықтыны анықтады.

Айта кету керек, бұндай форматтағы бәсеке алғаш рет ұйымдастырылып тұр. Нәтижесінде, жергілікті спортшыларға тең келер ешкім болмады. Жалпы есепте Ақтөбе бірінші, Орал екінші, ал, атыраулық теннисшілер үшінші орын алды. Қалыптасқан жағдайға байланысты жарысқа көрермендер кіргізілмеді.

Анатолий Солдатенко, ҚТФ облыстық филиалы директорының м.а.:

- Бұл – аймақтық деңгейдегі ең ірі бәсеке. Әсіресе, еліміздің батыс бөлігінде осындай форматтағы жарыс бұрын болған жоқ. Өңірлерге ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Осы арқылы жасөспірімдер шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толықтырады. Болашақ чемпиондар даярлығы бір жолға қойылады.

Футболшылармен қатар төрешілер де дайындыққа ден қойды. Қазақстан Премьер-лигасының қазылары дәл қазір Түркияда жаттығып жатыр. Оның барысында теориялық емтихан мен FIFA сынақтарын тапсырды. Сонымен қатар жолдастық ойындарға төрешілік етті. Қазақстан футбол федерациясы Төрешілік ету және қадағалау департаментінің директоры Сергей Кенетаевтың айтуынша, оқу-жаттығу жиынының нәтижесінде Қазақстан Суперкубогында қызмет ететін төрешілер анықталады.

Айта кетейік, байрақты бәсеке наурыздың басында Түркістанда өтеді. Одан кейін, яғни 13 наурызда негізгі чемпионат басталады.