Оралда спорттық жарыстар өткізуге тыйым салынды

Оралда Наурыз мейрамына орай еңбек ұжымдары арасында қазақ күресінен жарыс өткізілді. Әуесқой балуандардың белдесуі спорттық нысанда емес, қазақ драма театрының сахнасында болды.

Облыста коронавирустың таралу қаупі күшейгендіктен жанкүйерлер санына шектеу қойылды. Дегенмен, балуандардың жігері мұқалмады. Олар боз кілемде тартысты өнер көрсете білді. Сонымен қатар мұнда айтыс өнері де ұлықталды. Жас өнерпаздар Жамбыл мен Құлмамбет айтыстарының үлгісін көрсетті. «Осындай айшықты шаралар арқылы ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, еңбек ұжымдары арасындағы достық қарым-қатынас та нығая түсері анық» дейді қатысушылар. Бұдан бөлек мереке аясында өзге де спорттық сайыстар жоспарланған. Мәселен, ат спорты түрлері мен үстел ойындарынан тұрғындар арасында ашық турнирлер, сонымен қатар кәсібилердің байрақты бәсекелерін ұйымдастыру көзделген еді. Алайда аймақта бүгіннен бастап додаларға шектеу қойылды, өйткені дерт қайта дендеп барады. Облыс індеттің жайылу қаупі жағынан «қызыл аймаққа» енді.

Артур Шерғалиев, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Барлық санитарлық талаптарды сақтауымыз керек. Енді спорттық шараларға жанкүйерлерді кіргізуге тыйым салынды. Байрақты бәсекелер өткізілмейді. Тек аясы тар шаралар ғана ұйымдастырылады. Оларды көрермендер тек онлайн форматта тамашалай алады.