Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатынан олжамен оралды

Екі алтын, екі күміс және бір қола. Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатынан осындай олжамен оралды. Оларды бүгін елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды.

Халықаралық рейс сәл кешігіп еді, жиналғандар осылай әндете жөнелді.

Кейін оны басқалары іліп әкетіп, әуежайдағы алаңқай нағыз думанға айналды. Сөздің шыны керек, мұндай нақышта спортшыларды күтіп алмағанымызға біраз болыпты. 

Боксшыларымыздың көңіл-күйлері керемет. Әп-сәтте езулеріне күлкі үйіріліп, құшақтары гүлге толды. Бұл қыз-жігіттер осынша құрметке лайық та. Өйткені әлемдік аламанда жерлестеріміз 5 бірдей жүлде еншілеп, жалпы есепте Украина, Өзбекстан, Куба сияқты елдерден асып түсті.

Санжар Ташкенбай, әлем чемпионы:

– Дайындық жақсы болды. Жастар арасында алтын жүлде жоқ еді. Екі алтын алдық. Жарыс өте қиын болды. Полуфиналда үндістандықпен болған жекпе-жек қиын болды. Финалда да мықты қарсылас болды.

Санжар жерлестеріміз арасынан ең алғаш болып жеңіс тұғырына көтерілді. Ол 49 келіге дейінгілер арасында қарсылас шақ келтірмеді. Одан кейін орта салмақтағы Сабыржан Аққалықов жеңіс жолын жалғай түсті. Күміс жүлде 56 келідегі Ерболат Сабыр мен 60 келідегі Елнұр Сүйінбайға бұйырды. Ал 75 келіде сынға түскен Диас Молжігітов қола жүлдегер атанды. Мұның барлығы жарыс алдындағы дайындық пен бас бапкер стратегиясының арқасы дейді спортшылар. Ал сала мамандары тағы бірер алтын алатын мүмкіндік болды. Төрешілер қастандық жасады деген пікір білдіріп жатыр.

Ермахан Ибраимов, олимпиада чемпионы:

– Мен жігіттерге айтамын, төрешілер бұрмалаушылығы әрқашан болады. Алтынды берсе қолынан, бермесе жолынан алыңдар деймін. Егер қолдарыңызды көтермесе, жеңген жоқсыңдар. Сондықтан мықты болыңдар. Төрешілердің әділетсіздігіне қарамаңыздар.

Жарайды, өткенге өкінгеннен пайда жоқ. Қалай болғанда да жігіттер намысты қолдан бермей, ел абыройын асқатып қайтты. Енді осы нәтижені олимпиада ойындарында қайталаса деген үміт бар. Өйткені, Токиодан кейінгі, яғни 2024 және 2028 жылғы жазғы ойындарда еліміз атынан дәл осы жігіттер қатысып қалуы әбден мүмкін.

Марат Мықтыбаев, ҚР бокс федерациясының атқарушы директоры:

– Әрине, осындай нәтижені біз күттік. Өйткені, осы жарысқа дайындалдық. Қиын уақыт қазір. Карантин, коронавирус деген сияқты. Соған қарамай бапкерлер, спортшылар өте жақсы дайындықпен барған. Енді осы команданың ішінен 2024 жылғы олимпиадаға үміткерлер болады деп ойлаймын.

Әлемдік аламандағы нәтиже – әрине үлкен жетістік. Басқа жағынан үлкен жауапкершілік те. Яғни, алдағы айтулы аламандарда жас боксшылар тағы да өз мықтылығын дәлелдеп, тіпті одан асып түсуі қажет. Сондықтан Қайрат Сәтжанов баптайтын қыз-жігіттер енді сәл тынығып, бірер аптадан кейін қайтадан дайындыққа ден қояды.

Аслан Қаженов, Арман Ақшабаев