Францияда чемпион ауысты

Өткен түні футболдан Франция чемпионаты өз мәресіне жетті.

Соңғы – 38-турда ПСЖ «Брестке» қонаққа барды. Париж командасы бірден шабуылға ден қойды. Ойынның 19-минутында Неймарда ПСЖ-ны есепте алға шығаруға тамаша мүмкіндік болды. Алайда бразилиялық ойыншы 11 метрлік айып добын сәтсіз орындады. Алаң иелері бірінші таймда өз қақпасын голдан аман сақтай алмады. Роман Фавр автогол авторы атанды. Ал екінші таймның орта тұсында Килиан Мбаппе гол соғып, ойынды түйіндеді. ПСЖ-ның чемпион атануы енді «Анженің» көш басындағы «Лилльден» ұпай алуына байланысты еді. Алайда қонақтар 2:1 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанды.

«ЮВЕНТУС» ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫНА ЖОЛДАМА АЛДЫ

«Ювентус» А сериясының соңғы турында сырт алаңда «Болоньяны» жеңді. Есеп – 4:1. Осылайша туриндік клуб біріншілікті төртінші орынмен аяқтап, келесі маусымда Чемпиондар лигасына қатысуға мүмкіндік алды. Төреші ысқырығы естілісімен алға ұмтылған алаң қонақтары ойынның 6-минутында есеп ашты. Федерико Кьеза көзге түсті. 27-минутта Альваро Мората есепті еселей түсті. Бірінші тайм түгесілер тұста Рабьо туриндіктердің басымдығын 3 допқа дейін жеткізді. Екінші кезеңнің басында испаниялық шабуылшы дубль авторы атанса, «Болонья» сапында Рикардо Орсолини көзге түсті.

Айта кетейік, Пирло баптаған команданың Чемпиондар лигасында ойнауы «Наполи» мен «Верона» арасындағы кездесуге байланысты болды. Алайда Гаттузоның шәкірттері вероналықтармен тең түсіп, келесі маусымда Еуропа лигасына ғана жолдама алды.

«МИЛАН» СЫРТ АЛАҢДА «АТАЛАНТАДАН» БАСЫМ ТҮСТІ

Италияда чемпион анықталғанымен, екінші және үшінші орындардың иегерлері соңғы турға дейін белгісіз болды. Шешуші матчтардың бірінде «Аталанта» өз алаңында «Миланды» қабылдады. Франк Кесси дубль жасап, алаң қонақтарын Чемпиондар лигасына алып шықты. Ивуарлық жартылай қорғаушы әуелі 43-ші, содан кейін 93-минутта нәтижелі соққымен көзге түсті. Осылайша биылғы маусымды «Милан» – екінші, ал «Аталанта» үшінші орынмен аяқтады.