Шымкентте бұқаралық спорт дамып жатыр

Шымкент қаласында бұқаралық спорттың дамуына кәсіпкерлер үлес қосып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Игі іс қала әкімінің «100 заманауи спорт нысаны» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асады. Бастаманы қолдаған жергілікті кәсіпкер Серік Төлбасовтың қоры 100 млн теңгеден астам қаржы аударды. Демеушінің ақшасына заманауи спорт алаңдары салынады.

Су жаңа, копфункционалды 2 спорт алаңы халық тығыз қоныстанған Әл-Фараби ауданында орналасқан. Қала әкімінің тапсырмасымен биыл халықтың 31% процентін спортқа баулып, 40 мың адамға бұқаралық спортты қолжетімді ету көзделген.

Мақсұт Исахов, қала әкімнің орынбасары:

–115-тің 14-і 200 млн теңге демеушілердің есебінен. Қалған 101-не біз қазір бюджеттік өтінім дайындап жатырмыз. Жалпы 115 алаңшаның 80-нен астамы ауылдық мекендерде болады.

Жаңа спорттық нысандарды екі қазақстандық компания салды. Мұнда Workout және волейбол, баскетбол мен шағын футбол ойнауға арналған алаңдар бар.  Әткеншек пен балалар ойын алаңы да қарастырылған. Кез келген ауа райына ыңғайлы болу үшін қорғаныш қоршаулары жасалып, заманауи еден жабыны төселген.

Жұртқа тиімді жобаны алғашқылардың бірі болып қолдаған Серік Төлбасовтың жеке қоры бұдан өзге бес алаңды салып бермек. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білім мен спортты серік еткен дарындыларды қолдау ісі алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.

Серік Төлбасов, кәсіпкер:

– Қала әкімінің ұсынысы бізге қатты ұнады. Сондықтан біз бірден қолдау көрсетуді ұйғардық. Көпшілігіміз осындай істе бас біріктіруіміз керек деп ойлаймын. Себебі Қазақстанның болашағы салауатты өмір салтына, сапалы білім мен мәдениетке байланысты.

Шымкент қаласы аумағында 231 аулаішілік спорт алаңы бар. Биыл олардың қатары тағы 100-ден астам нысанмен толығады.

Авторлар: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов