Футболдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі басталады

Доданың шымылдығы Нұр-Сұлтан уақыты бойынша түнгі сағат бірде Италия – Түркия матчымен түріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл біріншілік тарихында алғаш рет ойындар 11 қалада өтеді. Ал турнирге қатыспайтын футболшылардың өзінен мықты құрама жасақтауға әбден болады.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Бірнеше сағаттан соң футболсүйер қауым асыға күткен футболдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі басталады. Биылғы дода туралы айтпас бұрын аз-кем аялдап, тарихқа үңілейік. Құрлықтық турнир 1960 жылдан бастап өтіп келеді. Бастапқыда Еуропа ұлттарының Кубогы аталған жарыс 8 жылдан соң қазіргі атауына ие болды. 1996 жылдан бері финалдық кезеңге 16 команда қатысып келді. Ал 2016 жылдан бастап олардың саны 24-ке дейін көбейді.

Коронавирус пандемиясына байланысты доданың бір жылға шегерілгені белгілі. Дегенмен, Еуро 2020 деген атауын сақтап қалады. Тарихта алғаш рет финалдық кезеңді 11 мемлекеттің 11 қаласы қабылдайды. Ал шешуші ойындар Лондондағы Уэмбли стадионында өтеді. Құрлықтық турнирдің 60 жылдығына орай УЕФА осындай шешім шығарған. Бұдан бөлек, биыл індетке байланысты шектеу көп болып тұр.

Пандемия талай шараға тұсау болғанын білеміз. Шектеулер футболды да айналып өтпеді. Әдетте стадиондарда ине шаншар орын болмайтын. Бұл жолы УЕФА трибунаға жанкүйерлердің жартысын ғана кіргізугіе рұқсат етті. Бұл жартылай финалдарға, тіпті шешуші ойын финалға да қатысты.

Стадионға жіберілетін жанкүйер саны әр елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты. Дегенмен, федерация басшылары адам санын көбейтудің мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Мемлекеттер арасында ұшып-қонуға да шектеу көп. Кей елдер сырттан келгендерден ПТР-анықтама мен вакцина салдырғанын растайтын құжат сұрайды. Спорт сарапшылары турнирді қабылдаушы қаланың көптігі жарыстың деңгейі мен футболдың сапасына әсер етеді деп есептейді.

Ермұхамед Мәулен, спорт комментаторы:

- Атақты, танымал футболшылар болмашы сылтау айтып, бармай жатыр. Әлем чемпионаты болса, Бразилияда өтіп жатса бір аяғы шығып кетсе де, қайта салдырып алып баратын еді сол жарысқа. Бірақ мінекей, осындай жағдай. Бұл Еуро чемпионатының деңгейін түсіреді, футболдың сапасын нашарлатады, енді әркім өзінің алаңында қабылдап жатса, ӘЧ іріктеу турнирі сияқты болып қалайын деп тұр ғой.

Серхио Рамостан бөлек, Еуроның финалдық кезеңіне Верджил Ван Дейк, Златан Ибрагимович, Марко Ройс, Антони Марсияль сияқты жұлдызды ойыншылар қатыспайды. Кейбірі жарақат алған, енді бірі бабына келіп үлгермеді. Дегенмен, турнирдің фавориттері өз құрамына мықты ойыншылардың бәрін жиып алды.

Амангелді Сейітхан, спорт журналисі:

- Фаворит төрттерге бұлжымас қалыпта. Ол – Англия, олИталия, олГермания, олФранция. Қай-қайсысын алсаңыз да, қазір футболды біршама меңгерген ойыншылармен жақсы қамтылған. Бірақ тағы бір топ бар бұлардың соңынан еріп келе жатқан ол – Испанияны ұмытпауымыз керек.Ол – Бельгия , ол – Голландия демекші.

Әдетте фавориттердің жолы топтық кезеңнің өзінде түйісіп жатады. Бұл жолы да көптің назарын аударған квартет бар. Ол әлем чемпионы Франция, Еуропа чемпионы Португалия, неміс машинасы және Венгрия құрамасын біріктірген F тобы. Бұл да турнирдің көрігін қыздыра түспек.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Болжам айту негізінен букмекерлік кеңселерге тән екенін білеміз. Дегенмен, футболға қызығатын елордалықтардың пікірін сұрап көрейік. Мүмкін елең еткізетін қызықты жауаптар кездесіп қалар.

Рас, берілген жауаптардың ішінде біз күтпегендері де болды. Тіпті олардың әзілдеп тұрғанын не болмаса шынын айтқанын айыра алмадық.

Блиц 1:

- Еуропа чемпионатында ма?

- Барселона шығар.

- Қай команда Еуропа чемпионатын жеңеді деп ойлайсыз.

- Барселона

Блиц 2:

- Шынымды айтсам Ертіс жеңетін шығар енді.

Дегенмен, жеңімпазды турнирге қатысатын командалардың арасынан іздегендер де бар. Олардың таңдауы фавориттерге түсті.

Блиц 3:

- Менің ойымша, Англия жеңеді. Өйткені қаншама рет Еуро және чемпионаттарда ұтылып жүрді. Енді осы жолы құрам жақсы, жас жігіттер жақсы ойнайды.

Блиц 4:

- Мен Португалияны қолдаймын.

- Неге?

- Өйткені жақсы ойыншылары бар. Бруно Фернандеш...

Қалай болғанда да, бір жыл кешіккен біріншілік бүгін түнде басталады. Ал қалың топтан кімнің қара үзіп шығатынын 12 шілдеде білеміз.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Арман Ақшабаев, Наурыз Базаров