Дәурен Нұралинов «Қазақстан Барысы» атанып, 25 миллион теңге иеленді

Дәурен Нұралинов «Қазақстан Барысы-2021» турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеңімпазға 25 миллион теңге ақшалай сыйлық және алтын белбеу табыс етілді. 

Осылайша оныншы мәрте ұйымдастырылған турнирде жаңа чемпион шықты.

Финалдық кездесуде Нұралинов жартылай финалда турнирдің 2017 жылғы жеңімпазын жарыстан шығарған Ғалымжан Қырықбайды жеңді. Негізгі уақытты қарсыластар бір-бір бүк ұпаймен аяқтаған болатын. «Белдесу» сәтінде Дәурен Нұралинов жамбылдық балуанды «таза жеңіспен» ұтып кетті.

Ал Дәурен Нұралинов жартылай финалда маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповты жыққан болатын.

Қола жүлде үшін ақтөбелік Еламан Ерғалиев пен маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов бақ сынасқан болатын. Көрермен турнирдің 2017 жылы жеңімпазы Ерғалиевтің жеңетініне сенімді болған еді. Алайда оның қарсыласы Жарылғапов ұтымды тәсілмен жарысты аяқтап, Ерғалиевті жүлдесіз қалдырды.