Токиодағы Олимпиада қалашығында тұру үшін спортшыларға қатаң талаптар қойылды

Токио Олимпиадасының басталуына бір аптаға жетер-жетпес уақыт қалды. Қазір әлем спортшылары жапон астанасына ағылып, арнайы қалашыққа орналасып жатыр. Олардың арасында жерлестеріміз де бар. Ұлттық құраманың бір бөлігі бүгін чартерлік рейспен күншығыс еліне аттанды. 

Әдетте Олимпиада алдында абыр-сабыр болып жататын. Спортшылар үшін де, жанкүйерлер үшін де үлкен мереке ғой. Төрт жылда бір келетін мереке. Биылғысы тіпті бес жылда бір келіп тұр. Бірақ қалыптасқан жағдайға байланысты шектеу өте көп. Халықаралық комитеттің талабы бойынша спортшылар екі апта бұрын карантиндік аумаққа кіргізілді. Одан шығуға болмайды. Бұрынғыдай дайындық барысын түсіріп, сұхбаттасу да тыйым салынды. Ішкі атмосфераны Ұлттық олимпиадалық комитет жіберетін осындай бірлі-жарым кадрлардан ғана тамашалап отырдық.

Абылайхан Жүсіпов, бокстан ұлттық құраманың мүшесі:

- Рио Олимпиадасына бара жатқан кезде сезім бөлек болды. Әрине ол кезде 19 жастағы бала едім. Қазір үйленіп, әке атанып, бір отбасының отағасы болып бір жағынан, екінші жағынан, салмағымды ауыстырып, ер жетіп, 69 қазақтың салмағында бара жатырмын. Әрине барлық жүкті сеземін. Сондықтан қазіргі сәтте Токио Олимпиадасындағы сезім мүлде бөлек.

Мөлдір Жаңбырбай, каратэден ұлттық құрама мүшесі:

- Біздің дайындығымыз әлі біткен жоқ. Жапонияда әлі де екі апта боламыз. Бірақ бұйырса, Олимпиадаға дейін 100 процент дайындықта болып, бұйырса медальмен қайтамыз деген үміттемін.

Сонымен ұлттық құраманың негізгі бөлігі Токиоға аттанды. Қалыптасқан жағдайға байланысты спортшыларамыз қос чартерлік рейспен жіберіледі. Алғашқысы түнде жолға шықты. Оның ішінде бокс, дзюдо, каратэ, үстел теннисі, жеңіл атлетика және ату спорттарының өкілдері бар. Бұған қоса дәрігерлер мен ғылыми-кешенді топ мүшелері де осында. Бас-аяғы - 128 адам.

Қамшыбек Қоңқабаев, бокстан ұлттық құраманың капитаны:

- Көптен күткен Олимпиада ойындары келіп қалды. Жолға, сапарға шыққалы отырмыз. Бізге жанкүйер болыңыздар. Құдай қаласа, ел намысын абыройымен қорғап келу үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

Дмитрий Баландин, жүзуден Олимпиада чемпионы:

- Бұл Олимпиаданы өте ұзақ күттік. Көңіл-күйіміз жақсы. Жарыстарға тас-түйін дайынбыз. Токио төрінде жақсы өнер көрсетіп, ел абыройын асқақтатуға тырысамыз. Алға, Қазақстан! 

Ал Олимпиада қалашығындағы тіршілік қыз-қыз қайнап жатыр. Осыдан 10 күн бұрын Елсияр Қанағатов бастаған өкілдер Жапонияға жетіп, спортшылар мен делегацияны тіркеді. Ұлттық құраманың жататын орыны, тамақтанатын жері, дайындалатын залы және басқа да ұйымдастыру тетіктерін бақылады. Күтіп алушы тарапқа өз ұсыныстарын айтты дегендей. Ел делегациясының шеф-де-миссионы қауіпсіздік шаралары қатаң екенін алға тартады.

Елсияр Қанағатов, Қазақстан делегациясының шеф-де-миссионы:

- Осы жерде тұратын спортшылар, тағы да басқа құрама команданың мүшелері Токио қаласына шыға алмаймыз. Тек Олимпиада нысандарына жарысқа барамыз. Жатығу жұмыстарына кестеге сәйкес баруымыз қажет. Бұдан басқа серуендеу, жүру деген мәселелер болмайды. Оның бәрі осы спортшыларымыздың, құрама команда мүшелерінің, жалпы жапон халқының денсаулығын сақтауға арналған. Сондықтан біз әр құраманың мүшелері осы ережелерді сақтап, жақсы деңгейде көрсете білеміз деп сенеміз.

Тіпті мұнда әртүрлі спорт түрлеріндегі атлеттердің өзара байланысуына да тыйым салынған. Оны бақылау үшін ұялы телефонға бірнеше қосымшаны жүктеу міндеттеледі. Ал егер осы талаптарды бұзған не мүлде бағынбаған жағдайда жарыстан шеттетіп, өз еліне қайтаруға дейін барады. Бұны ұйымдастырушы тарап қадап айтты. Ал енді елде ұлттық құраманың екінші бөлігі, яғни күрес түрлері, көркем гимнастика, артистік жүзу, бессайыс өкілдері мен жеңіл атлеттика өкілдері қалды. Олар 28 шілдеде Токиоға аттанады.

Айта кетейік, биылғы олимпиада шілденің 23-інде басталып, тамыздың 8-іне дейін жалғасады.

Аслан Қаженов

Сондай-ақ...