Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиадаға 44 күн қалды

Дүбірлі дода келер жылдың ақпан және наурыз айларында өтеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Қысқы жарыс алдында Қытай билігі Чжанцзякоу қаласына шетелдік журналистерді шақырды. Олимпиада ойындары бұл шаһарда да өтеді. 

Ботагөз Сырғабаева, тілші :

– Чжанцзякоу – Бейжіңнен 200 шақырымда орналасқан қала. Мұнда шаңғы жарысы өтеді. Ойындардың басталуына әлі 40 күн бар. Бірақ қазірдің өзінде мұнда тек ПТР-тесттің теріс нәтижесі мен жасыл төлқұжатпен ғана кіруге болады. Сонымен қатар бір күн бұрын арнайы тіркеуден өтуі керек.

Сапар барысында Чжанцзякоу қаласында орналасқан төрт Олимпиада нысандарының үшеуін араладық. Алдымен трамплиннен шаңғымен секіруге арналған стадионға келдік. Пішіні дәстүрлі Қытай әшекейі түрінде ырымдап салынған бұл нысан «игі қар» мағынасын білдіреді.

Цзя Маотин, Олимпиада нысандарын салушы компания директоры:

– Нысанды жасанды қармен қаптау үшін шамамен 300 мың тонна су кетті. Еріген қар мен жаңбыр суын пайдаландық. Мұнда қысы-жазы жауын-шашын жиі түседі. Оны арнайы резервуарларда бірнеше жыл бойы жинадық.

Стадионнан кейін шаңғы тебу мен шаңғы қос сайысы орталығына жол тарттық. Мұнда 13 күн ішінде 15 алтын жүлде ойналады. Ең көп жүлде фристайл мен сноуборд үлесінде.

Чэнь Жунцинь, шаңғы орталығы жетекшісінің орынбасары:

– Бұл – жаңадан салынбаған Олимпиаданың жалғыз шаңғы кешені. Мұнда 20 алтын жүлде бәске салынады. Сондай-ақ Паралимпиаданың 8 жарысы өтеді.

Чжанцзякоудағы нысандарды жасанды қармен қаптау жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Оның барлығын Олимпиададан кейін де пайдалану жоспарда бар. Қаладағы жарыс теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте өтеді. Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар тілшілерге Чжанцзякоудың медиа орталығын да көрсетті. Ол қаңтардың төртінен бастап қызмет көрсете бастайды. Олимпиада ойындарының барысында қатысушылар үшін Қытайда бұғатталған әлеуметтік желілер ашылады. 

Авторы: Ботагөз Сырғабаева