Оралда қысқы шомылу маусымы басталды

Оралдықтар суға шомылып жатыр. Әуесқой спортшылар өзеннен ойық ойып, арнайы қауіпсіздік жабдығын орнатып қойған. Қыстың ортасында суық суға түскендердің ішінде жас аналар да, мүгедек жандар да бар.

Жас ана Гүлназ Сұлтанова биыл әуесқой спортшылар клубының қатарына қосылды. Командамен бірге таза ауада жүгіріп, бой сергітеді. Жуырда мұздай суға шомылуды бастады. Алғашында сәл үрей болғанымен кейін қорқынышын жеңе білгенін айтады.

Гүлназ Сұлтанова, әуесқой спорт клубының мүшесі:

- Өте керемет сезім. Мына суға түсіп шыққаннан кейін денеңнің бәрі жылиды. Қан айналымы жақсарады. Сол денсаулығымызды нығайтуға, келе жатқан балаларымызға дұрыс үлгі көрсетуге биыл бастадым.

Ал Азамат Аймурзиев екінші топ мүгедегі. Әйтсе де, спортпен шұғылдануына ешнәрсе кедергі болмапты. Командаластары шомылатын орынға қауіпсіздік қорабын орнатып қойған. Кейіпкеріміз мұнда жиі келуге тырысады.

Азамат Аймурзиев, әуесқой спорт клубының мүшесі:

- Арнайы орнатылған жабдық кез-келген әуесқой спортшы үшін қолайлы. Суға түсетін сатысы бар. Маған мұздай суға шомылу ұнады. Енді әдетке айналдырғым келеді. 

Қазір әуесқой спортшылар клубының қатарында жүздеген адам бар. Олар күн сайын таңертең саябақта жүгіреді. Күнделікті жаттығуды енді мұздай суға шомылумен түйіндемек. Осы арқылы денені одан әрі шынықтырып, ауру-сырқауға қарсы иммунитетті күшейтуді қалайды. 

Асланбек Шығыр, Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов