Бейжің-2022: конькиші Кузин жүлдеден алыс қалды    

Бүгін конькиші жігіттер 1000 метрде бақ сынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Голландиялықтар кімге дес берген. 1500 метрде күміс алған Томас Крол, бұл жолы алтын алды. Канадалық Лоран Дюбрей күміс, ал Норвегиялық қоланы қанағат тұтты. Аты аталған мықтылармен жүлдеге таласу үшін біздің конькишілерге әлі талай тер төгу қажет. Төртінші олимпиадасына қатысқан тәжірибелі Денис Кузин 23-орыннан көрінді. Ал 25 жастағы Дмитрий Морозов үздік ондыққа кіре алған жоқ. Енді төрт жылдан кейін топ жарады дегенге сену қиын. Қысқы спортты қалай дамытамыз деген сауалды Бейжіңде жүрген біздің тілшілер, ұлттық олимпиада комитетінің спорт дирек-циясының басшысына қойған еді.

Сонымен Бейжің төрінде кезекті жарыс күні аяқталды. Бүгінге дейін 30-ға жуық мемлекет медаль еншілеп үлгерді. Оның ішінде Беларусь, Латвия, Украина сияқты елдер де бар. Тіпті Эстонияның өзі бір қолаға қол созып, жалпы тізімге ілікті.

Ал ұлттық құраманың қоржыны әлі бос және алдағы күні де толыға қоймайды. Сәйкесінше бұл жолғы олимпиада біз үшін сәтсіз болды деп нық сеніммен айта аламыз. 

БЕЙЖІҢ-2022: КОВИД-ТІҢ КЕСІРІ ТИДІ

Бейжің олимпиадасында қазақстандық фристалшылардың командалық сынға шықпауына байланысты ресми мәлімдеме жасалды. Онлайн брифинг барысында ҰОК Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов оны ПТР-тесттің оң нәтижесімен түсіндірді. Яғни ұлттық құрама олимпиада алдында Финляндияда жаттықты. Қыздардың бірінен вирус анықталып, толық жазылғанша, сол жерде қалған. Осылайша Ақмаржан Қалмырзаева қатарға кейін қосылды.

Сәйкесінше командалық сынға қатыспады. Айта кетейік, акробатика шеберлерінің бәсекесі оныншы ақпанда өтті. Бірақ себебі енді түсіндіріліп отыр. Бірер күннен кейін жерлестеріміз жекелей сынға қатысып, тәуір нәтиже көрсетті.

Әсіресе сол Ақмаржан іріктеу сынында 98 ұпай жинады. Ал финалда 11 сатыға тұрақтады.

БЕЙЖІҢ-2022: ОЛИМПИАДА РЕКОРДЫ ЖАҢАРДЫ

Күні кеше конькимен жүгірден әйелдер арасындағы мың метрлік бәсеке өтті. Бұл сында жапониялық Михо Такаги топ жарды. Ол аталған аралықты 1 минут 13.19 секундта жүріп өтті. Бұған дейінгі ең үздік көрсеткіш голландиялық Йорин тер Морске тиесілі еді. Ол 2018 жылы мың метрді 1 минут 13.56 секунда бағындырды.

Яғни жапон қызы бірнеше секунд бөлшегіне жылдам келді. Осының арқасында өз елінің қоржынына кезекті алтынды салды. Айта кету керек, Михо Такаги үшін бұл Бейжің олимпиадасындағы төртінші жүлде. Осының алдында 3 рет күміс медаль иеленді. 1000 мерлік сындағы күміс жүлде нидерландылық Ютта Лердамға, ал қола жүлде америкалық Бриттани Боуға бұйырды. Ел намысын қорғаған Надежда Морозова 11, ал Екатерина Айдова19-сатыға тұрақтады.

Е. АЙДОВА: КӘСІПҚОЙ МАНСАБЫМДЫ АЯҚТАМАЙМЫН

Айтпақшы дәл осы Айдова үлкен спортта қалады. Қоғамды қызу талқыланып жатқан тақырыпқа қатысты қазақстандық спортшы пікір білдірді. Яғни Екатерина Айдова жақын арада кәсіпқой мансабын аяқтамайды. Керісінше, осы олимпиададан кейін қателікпен жұмыс істеп, жаттығу бағдарламасын өзгерту керек дейді.

Айта кетейік, спортшы 2 жыл бұрын тізесінен жарақат алып, ұзақ уақыт емделген болатын. Бірақ қазір бәрі бірқалыпты. Құрлықтық және әлемдік додаларға қатысып жүрмін дейді. Еске сала кетейік, дәл осы олимпиаданың ашылу салтанатында оған ту ұстап шығу құрметі бұйырды. 

Екатерина Айдова, конькимен жүгіруден ұлттық құрама мүшесі:

–Конькимен жүгіруде жыл өткен сайын тәжірибе толыса түседі. Сондықтан мен спорттан келуге асықпаймын. Керісінше, дайындық бағдарламасын жетілдіріп, нағыз топ жаратын деңгейге жеттім. Сондықтан спорттан кететінім туралы сыбыстар негізсіз. Оларды кім таратқанын да білмеймін. Осы олимпиада біраз нәрсені түйдім. Енді алдағы көктемнен бастап сол бағытта жұмыс жасаймын. Үлкен өзгерістен күтіп тұр.

БЕЙЖІҢ-2022: КЕЗЕКТІ ЖАРЫС КҮНІ

Сонымен кезекті жарыс күнінің қортындысы бойынша Норвегия құрамасы топ бастап тұр. Оның өкілдері 31 медаль жеңіп алды. 14-і алтын.  Одан кейін өкшелеп, Германия келеді. АҚШ пен Қытай да тізімнің бірінші сатысына шығуға дәмелі. Ал ұлттық құрама қоржыны бос.

Айта кетейік, Бейжіңдегі ойындар 20 ақпанға дейін жалғасады.