Абзал Әжғалиев желідегі парақшасына жанайқайын жазды

Отандық шорт-трекшілерге елде жаттығуға ең ыңғайлы бір ғана орын бар. Ол «Алау» мұз айдыны. Бірақ бұл кешен жергілікті спортшыларға толық қолжетімсіз. Онда жаттыққанның өзінде уақыты шектеулі. Бейжіңдегі қысқы Олимпиадада төртінші орыннан көрінген Абзал Әжғалиевтің шағымы осындай. Қазақстандықтар арасында ең үздік нәтиже көрсеткен шорт-трекші әлеуметтік желідегі парақшасына жанайқайын жазды.

Бұл Абзал Әжғалиевтің фейсбук парақшасындағы жазбасы. Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында көк туымызды ұстап шыққан спортшымыздың өкпесі қара қазандай десек, артық айтқандық болмас. Алдымен жанкүйерлеріне алғыс білдіріп, сөзін бастаған ол саладағы кемшіліктерді тізіп берді.

Спортшының айтуынша, елімізде қысқы Олимпиадаға жазғы жарыстағыдай жеткілікті көңіл бөлінбейді. Әсіресе жаһандық дода алдындағы жаттығуға инфрақұрылыммен қатар құрал-жабдық та, уақыт та тапшы болыпты.

Абзал Әжғалиев, Бейжің-2022 қысқы Олимпиадасының финалисі /шорт-трек/:

- Негізгі проблемалар Қазақстандағы осы шорт-трек спортында мұз айдыны берілсе екен. Біз өз жерімізде өзіміздің мұзымызды қолданғымыз келеді. Мысалы, мына елордадағы «Алау» мұз айдыны бізге беріледі, бірақ аз уақытқа беріледі. Қанша уақыт жасағымыз келеді, сол уақыт берілсе екен дейміз. Және Алматы қаласында қаншама мұз айдыны бар. Бір де бір мұз айдынын біз қолданбаймыз.

Кәсіби спорт болған соң шорт-тректе жарақат алушы көп. Медициналық қызметті тегін немесе жеңілдетілген бағамен ұсынса игі болар еді, дейді Абзал Әжғалиев.

Абзал Әжғалиев, Бейжің-2022 қысқы Олимпиадасының финалисі /шорт-трек/:

- Пхенчхан Олимпиадасынан кейін жарақат алдым. Аяғымды сындырып алдым. Сол кезде өте қиын болды маған. Біз медкомиссия өтеміз. Өткеннен кейін емделуге көңіл бөлінбейді. Аяғымды сындырып алдым және асқазаныммен проблемалар болды. Өте қатты қиналдым. Бізде медкомиссия өткеннен кейін емделуге қаражат бөлмейді деп ойлаймын. 

Бірі білсе, бірі білмес. Шорт-трек спортшылары үшін кәсіби тұрғыда велосипед тебу машығын жетілдіру де дайындықтың негізгі бөлігіне жатады. Яғни күнделікті жаттығатын велосипед табу да қиын.

Серік Жарасбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

- Абзал Әжғалиевтің шағымы орынды деп ойлаймын. Өйткені ол қозғаған кейбір мәселенің барын жасырмаймыз. Еліміздегі мұз айдындарының көбі жекенің қолында. Сондықтан ұлттық құрамаға кешен ұсынудан проблема бар. Бірақ Бейжіңдегі қысқы Олимпиада қарсаңында конькишілер мен шорт-трекшілерге «Алау» мұз айдынында жаттығуға мүмкіндік бердік. 

Осы жұмада Щучье қаласында қазақстандық спортшылардың Бейжің қысқы Олимпиадасындағы көрсеткіші бойынша арнайы кеңес өтеді. Мәдениет және сполрт министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, онда саладағы кемшілік ашық айтылып, олқылықтың орнын толтырудың жолдары қаралады.

- И там мы подведем итоги, скажем о проблемах и скажем что делать.

Мирлан Алтынбек