Қысқы Олимпиада қорытындысы

37 күнге созылған Қысқы Олимпиада Паралимпиада сайыстары аяқталғаннан соң ресми түрде жабылды. Бейжің ойындары Қазақстан үшін Абзал Әжғалиевтің өнері және қолаға қол жеткізген парабиатлоншы Александр Герлиц арқылы есте қалды. Төрт жылдықтың басты тартысы тағы да несімен таңқалдырды?!

Қытай уәде еткеніндей, қарапайым, қауіпсіз және тамаша ойындар өткізді. Олимпиада кезінде коронавирусты шектеу шаралары барынша жоғары деңгейде жүргізілді. Алайда келеңсіздіктер де болды. Жарыс басталғанға дейін АҚШ пен одақтастары Шыңжаңда адам құқықтары аяққа тапталды деген уәжбен дипломатиялық бойкот жариялады. Ресейлік спортшыдан допинг анықталды. Украинадағы жағдайдың да кесірі тиді. Ресейлік және беларус параатлеттері ойыннан шеттетілді. Десе де, Халықаралық Олимпиада және Паралимпиада комитеттері Бейжіңдегі сайыстарға жоғары баға берді.

Ван И, ҚХР Сыртқы істер министрі:

- Қытай мен халықаралық қауымдастықтың бірлескен іс-әрекеттерінің арқасында Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада сәтті өтті. Ойындарға қатысқан және қолдау көрсеткен барлық елдерге, өкілдерге шексіз алғыс айтамыз. Сайыстар омикрон штамы мен аймақтық қақтығыстар өршіп тұрған кезде өтті. Көптеген елдер мен халықтардың Олимпиада рухымен бірлесіп, адамдарға үміт сыйлағаны бізді шабыттандырды.

Халықаралық Олимпиада комитеті бірлік пен бейбітшілікті Бейжің ойындарының басты ұранына айналдырды. 19 мыңға жуық еріктінің де еңбегіне алғыс айтылды. Бұл Олимпиада Қытайдың 300 миллионнан астам тұрғынын қысқы спортқа ынталандырды. Осы сайыстардың арқасында азиялық елде мықты инфрақұрылым қалыптасты.

Шэнь Цзинь, консультациялық кеңес комитетінің мүшесі:

- Бейжіңдегі Қысқы Олимпиадада 2008 жылғы Жазғы ойындардың 5 негізгі нысаны кәдеге жарады. Бұл ғимараттарды қайта пайдаланып, тиімділігін арттырдық.

Қытайдың миллиондаған тұрғыны Ойындармен қимай қоштасты. 

- Олимпиада аяқталды. Енді мен  #Бин_Дуньдунь сатып алдым. 

- Олимпиада аяқталып, метроның үшінші тармағы ашылды. 

- Енді мына суреттерімді бөлісе аламын. Мен Бейжіңдегі Қысқы Олимпиадада ерікті болдым.

Бейжің әлемде жазғы және қысқы қос Олимпиаданы өткізген әлемдегі алғашқы қала. Қытай эстафетаны 2026 жылы Қысқы ойындарды ұйымдастырған Италияның Милан және Кортина қалаларына табыстады. 

Ботагөз Сырғабаева