Елімізде жеті бірдей зілтеміршінің басы дауға қалды

2014 жылдан бері 123 спортшымыз допингке байланысты спорттан шеттетілген. Оның ішінде ең көбі ауыр атлетикада, яғни 25 жағдай. Тізімді жеңіл атлетика, армрестлинг, күрес және велоспорт жалғайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін талай қазақ тақымын қысып, тілеуін тілеген Илья Ильиннің соңынан сөз еріп, алған жүлдесін қайтарса, енді Ниджад Рахимовта соның кебін киді. Басы дауға қалған бұл екеуі ғана емес, әрине. Тіпті допинг дауы қазақстандық спортшылар үшін үйреншікті жағдайға айналып бара ма, қалай?

2016 жылы Рио олимпиадасында ауыр атлетика бойынша топ жарған Ниджат Рахимов жуырда алтын медалінен айырылғанын айттық. Зілтеміршінің 8 жылға спорттан шеттетілгені де белгілі. Спорттық арбитраж соты бұл шешімді өзгертуі мүмкін бе? Оны уақыт көрсетеді – дейді мамандар.

Айгүл Бектенова, ҚР МСМ спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

– Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің ережесіне сәйкес, 12 сәуірге дейін оның да аппеляцияға беру құқығы бар. Соған байланысты қазір федерациямен бірлесіп, заңгерлермен ақылдасып, сол аппеляция беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аппеляция беру-бермеу оны спортшының өзі шешеді.

Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы өкілдері Ниджат Рахимовтың ісі бойынша сот шешімі аппеляцияға берілетінін айтты. Бұл жөнінде спортшының өзі әлеуметтік желіге жариялаған жазбасында хабардар етті. Бірақ басы дауға қалған тағы 6 зілтеміршіміз бар. Олар Абылай Әуелханов, Юлия Потасова, Руфина Шалқарова, Алексей Дроздов, Матвей Макрушин және Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон. Ұлттық допингке қарсы орталығының тексерісінен кейін барлығының сынамасы оң нәтиже көрсеткен.

Роман Теміржанов, ҚР ауыр атлетика федерациясының спорттық директоры:

– 9 ақпан мен 2 наурыз аралығында ауыр атлетикадан ұлттық құрама мүшелерін жарыстан тыс допингке қарсы тексеру кезінде 6 спортшымыздың сынамасы оң нәтиже көрсетті. Олардың барлығы Алматы облысының өкілдері. Допингке қарсы «нөлдік төзімділік» саясаты негізінде федерация тарапынан ішкі тергеу жұмыстары жүргізіледі.

Допинг өндірісі үнемі бір адым алда келетіні жасырын емес. Сондықтан оны қан құрамынан дер кезінде анықтау қиын. Бірнеше жылдан кейін пайда болған реагенттер ғана әшкере қылуы мүмкін. Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Айдар Махметов допинг дауына тап болған отандық спортшылардың да, жаттықтырушылардың да «судан ақ сүттен таза екеніне» күмән келтіреді. Өйткені көбі өзінің кінәлі еместігін дәлелдеуге немесе кінәсін ашық мойындауға асығып жатқан жоқ. Спорт сарапшысының пікірі осындай.

Айдар Махметов, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері:

– Менің ойымша, ол ауыр атлетика жүйесінің проблемасы. Өйткені бұл бірінші рет емес қой. Бірнеше жылдан бері қайталанып жатыр. Допингке ұшыраған спортшымыз 20-дан астам қазір. Ол нені білдіреді? Бүкіл ауыр атлетика жүйесі кінәлі. Бүкіл жүйесі сау емес.

Осыған байланысты федерациядағы жауапты адамдарды қызметінен босатып, орнына білікті мамандарды алу керек – дейді Айдар Махметов. Оның айтуынша, кез келген спортшы допингке қарсы сынаманы екі құтыға бөліп тапсырады. Көбіне бірінші ыдыста анықталған оң жағдайдан кейін, өзінің кінәсін іштей білетіндер екінші құтыны аштыруға асықпайды. Өйткені одан кейін де тестілеу қорытындысы оң нәтижені көрсетсе, спорттан шеттету мерзімі 2 есе ұзарады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков, Диас Қовланбаев