Ата-аналар ArtSport бағдарламасын бақылауды әкімдікке беруге қарсы шықты

Жаттықтырушылар мен ата-аналар Артспорт бағдарламасын бақылау функциясын әкімдіктерге беруге қарсы. Жұрттың пікірінше, мұндай шешім сыбайлас жемқорлыққа жол береді. Сондықтан жобаның жүзеге асуын тәуелсіз қоғамдық бірлестіктер қадағалау керек дейді. Талқылауға қатысқандардың хабарлауынша, жауапты министрлік «Артспорт» бағдарламасының жұмысына қатысты тағы бірқатар өзгеріс енгізеді. Бұл да көптің көңілінен шықпады.

Қуат Ерғалиев, жаттықтырушы:

- Жеткізушілердің жағдайларын қиындатып, қаржыны тоқтатып, бағасын тарифтердің түсіріп, балалардың жастарын көбейтіп, кішкентай балалардан емес, мысалы, бізде футболда 6 жастан барады, соны 8 жасқа көтеріп, приказдарды шығарып жатыр. Ол кәсіби спортқа қатысты. Біз массовый спорт. Оған жол бермеуіміз керек.   

Artsport жобасы жабыла ма?   

Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері бұл бағдарлама кәсіпкерлерді емес, балалар спортын дамытуға бағытталғанын алға тартып отыр. Сондықтан жоба бойынша көрсетілетін қызмет сапасы міндетті түрде тексерілуі керек деп есептейді. Яғни тәртіп бұзатындар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлейді. Сондай-ақ ведомство мамандары алдағы уақытта «Артспорт» жобасы жабылмайтынын хабарлады. Керісінше, жыл сайын оған бөлінетін қаражат сомасын ұлғайту жоспарда бар. Қазір бұл бағдарламамен 500 мыңға жуық бала түрлі секцияға тегін барып жүр. Мемлекет басышысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін еліміздегі барлық бала осы жобаға қатысуға тиіс.

Күміс Сейітова, ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұл қызмет 2021 жылдың мамыр айынан басталған. Былтыр шығармашылық тапсырысты айтсақ, 2021 жылы 4,8 миллиард теңге бөлінген Қазақстанда. Биыл жыл басынан 13 млрд теңге бөлінді. Қосымша қаражат бөлу бойынша 8 млрд теңге қаражат бөлінді.