Хоккейден Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр
3 матчта 23 гол соғылды. Хоккейден ерлер арасындағы ел чемпионаты да жалғасып жатыр және күн өткен сайын командалар арасындағы тартыс күшейіп келеді.
Мәселен, кезекті тур аясында 3 матч ұйымдастырылды. Әсіресе, турнир тізімінде топ бастап тұрған «Сарыарқа» Петропавл қаласында жергілікті «Құлагермен» кездесіп, 4:3 есебімен жеңіске жетті. Матч тең қарқында өтті.Тең аяқталуына 70 секунд қалғанда қарағандылық клуб сапындағы Константин Двуреченский мергендігімен көзге түсіп, өз командасына жеңіс сыйлады. Осылайша «Сарырақа» 36 ойыннан кейін 66 ұпай жинап, қазір сенімді түрде турнир кестесінде көш бастап келеді. Ал тізімнің 4-ші және 5-ші сатыларында тұрған «Арлан» мен «Ақтөбе» клубтары Көкшетауда өзара мықтыны анықтады және алаң иелері 7:2 есебмен жеңіске жетті. Бұған қоса, ішкі біріншілік аясында «Торпедо» мен «Алматы» командалары да жолыққан болатын. Бұл матчта өскемендік клуб 4:3 нәтижесімен басым түсті.
Айта кетейік, негізгі чемпионат 8-ші ақпанға дейін жалғасады.