352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы Владимир Путинге құттықтау жеделхатын жолдады

  • 551

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге Ресей Федерациясының Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Владимир Путинді Ресей Федерациясының Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады.  

Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудағы айқын жеңіс Владимир Путиннің өз елін дамытуға және оның ұлттық мүдделерін ілгерілету ісіне қосқан зор үлесін Ресей халқының тағы да жоғары бағалағанының дәлелі болып саналатынын атап өтті.  

«Сіздің тиімді басшылығыңыздың арқасында Ресей ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, жаһандық және өңірлік өзекті проблемаларды шешу арқылы сенімді түрде алға басып келеді.   

Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жарқын мысалы болып отырған дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды дамыту ісіне қосқан Сіздің жеке үлесіңізді ерекше атап өткім келеді.

Қазақстан екі ел халықтарының мүддесі үшін Ресеймен екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да байланыстарды кеңейту ісін жалғастыруды көздеп отыр.   

Мен сенім мен өзара түсіністікке негізделген достығымызды қадірлеймін әрі оны жоғары бағалаймын.

Біздің бірлескен жұмысымыз алдағы уақытта да көпқырлы ынтымақтастығымыздың барлық мәселелері бойынша Астана мен Мәскеудің табысты диалогының берік негізі болып қала беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.  

Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге зор денсаулық, амандық және жауапты мемлекеттік қызметте жаңа жетістіктер, ал достас Ресей халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі. 

Ақпарат көзі: Ақорданың баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы