359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды

  • 366

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды. Онда Елбасының өлкедегі атқарылып жатқан істермен танысуы және облыс активімен кездесуі жоспарланған.

Жалпы Ақтау шаһарында екі күннен кейін Каспий бестігінің кезекті саммиті өтеді. Президент сол жиынға Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Ираннан келетін әріптестерімен бірге қатысады деп жоспарланған. Осыған орай, қалада ауқымды шараға әзірлік қызу.

- Президенттің өңірге сапары несімен ерекшеленбек? Ақтау саммитіне дайындық қай деңгейде? 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Маңғаз Маңғыстау өлкесіне мемлекет басшысының ұшағы Астана уақытымен сағат 18-де қонды. Нұрсұлтан Назарбаевты облыстың атқамінерлері мен қоғам белсенділері қарсы алды. Портты қала Ақтаудың ауыз толтырып айтар жетістіктері көп. Теңізді жағалай қоныстанған жұртшылыққа жайлы жағдай жасау үшін берекелі бастамалар көтеріліп, жүйелі жүзеге асырылып келеді. Мәселен, су жаңа жағалау пайдалануға берілді. Оны мемлекет басшысы бүгін аралап көреді. Жағалаудың ұзындығы 2 шақырымға жуық. Оның бойына 48 мың шаршы метр кеспе тас төселген. Бұрын-соңды аумақта мұндай инфрақұрылым болмаған. Ал қазір теңіз жағалауы адам танымастай өзгерген. Сондай-ақ, мұнда ашық аспан астында амфитеатр бар. Көп бейінді сахнада бір мезетте 1000 әртіс өнер көрсете алады. Бүгін елбасы жаңа жағалаумен қоса, ондағы «Жартасты соқпақ» жобасымен танысып, маңғыстаулықтармен жүздесуі жоспарланған. Президент назарына теңіз жағасындағы алып тастардың үстіне салынған сүрлеу, қызылды-жасылды күйге енген көрініс көрсетіледі. Жоба толық аяқталғанда бұл жолдың ұзындығы 6 мың шақырымға жетеді. Жартасты соқпақ бойына өлке тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Бір сөзбен айтқанда, қарт Каспийдің суына  шомылып қана қоймай, Бекет ата өңірінің тарихымен танысып, таза ауасын тыныстауға жайлы жағдай жасалып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, қалада екі күннен кейін Ақтау саммиті өтеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен ауқымды шараға Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікменстан президенттері қатысады. Сол жиында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын конвенцияға қол қойылады деп күтіліп отыр. Яғни, 5 елдің дипломаттары 20 жылдан астам уақыттан бері бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі шығарылады. Қаланың Ақтау саммитіне жоғары деңгейде дайындалғаны байқалып түр. Мәселен, жаңадан салынған нысандармен қоса, шаһар көшелеріне 7 миллион гүл көшеті отырғызылды. Тұрғын үйлердің қас келбеті де саммитке қатысушы елдердің туымен әрленген. Бұл өз кезегінде жергілікті жұрттың қонақжайлық қасиетін айшықтайды. Айта кетейік, Каспий бестігінің басқосуы өтетін достық үйі кездейсоқ таңдалмаған. Нысанның өзі де атауы да теңізді жағалай қоныстаған елдерді өзара ауызбіршілікке, мәдени-экономикалық салаларда берік ынтымақтастыққа шақырып тұр. Қазірдің өзінде, қалада шетелдік делегация өкілдерін кездестіруге болады.

Сондықтан елбасы облысқа сапарын ең алдымен былтыр ғана бой көтерген Достық үйінен бастады. Қазақстан халқы ассамблеясына арналған ғимаратта өңірдегі өркенді істер таныстырылды. Соның бірі алдағы уақытта Ақтау маңында салынатын экологиялық қала жобасы.

Дәл қазір мемлекет басшысының облыс активімен кездесуі өтіп жатыр. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты туралы кеңінен сөз қозғалуда. Сонымен қатар орталық және атқарушы орган өкілдерінің есебі де тыңдалуы тиіс.

Хабар 24 телеарнасы