359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы Түркі кеңесінің саммитінде бірқатар бастама көтерді

  • 344

Бүгін Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің жаңа бас хатшысы тағайындалды. Жауапты міндет Қазақстанның Ирандағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Бағдат Әміреевке жүктелді. Ыстықкөл жағалауында өткен саммитте осындай маңызды шешімдер шығарылды.

Айта кетейік, алқалы жиынға барған мәртебелі қонақтарды «Рух Ордо» мәдени орталығында қырғыз басшысы құшақ жая қарсы алды. Келелі кеңесте алғы сөз сөйлеу мәртебесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Президент өз сөзінде көрші ағайынға қонақжайлылық танытқаны үшін зор алғысын жеткізді. Қазақ көшбасшысы кеңес аясында әріптестікті өзара дамыту керектігін айтып, басымдық беру қажет міндеттерді атады. Соның бірі – елдеріміздің транзиттік әлеуетін кеңінен қолдану, Ақтау порты мен Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалану. Ал мәдени ықпалдастықты тереңдете түсу үшін түркі әлемінің ең әйгілі «100 тұлғасы» жобасын қолға алуды ұсынды. Сондай-ақ қазақ көшбасшысы киелі жерлер жобасын әзірлеу қажеттігін еске салды. Нұрсұлтан Назарбаев барша түркі жұртын ер түріктің бесігіне айналған Түркістанның құрылысына атсалысуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Түркістан әр уақытта түрік дүниесінің рухани және әлеуметтік орталығы болып саналып келді. Менің Жарлығыммен Түркістан облысы құрылды. Орталығы Түркістан қаласында. Ежелгі дәуірден тамыр тартатын Түркістан қаласы жаңа облыстың мәртебесін алды. Осылайша, түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өзінің тұғырына қайта қонды. Бұл – біздің тұтастығымызды нығайтып, бірлігімізді бекемдей түсетін тарихи оқиға. Қазір облыс орталығының құрылысына кірістік. Егер еліміздің әр азаматы соған атсалысып, өз архитектурасын, өзінің қол ұшын беретін болса, біз өте риза болар едік.

Хабар 24 телеарнасы