356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Н.Назарбаев Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті

  • 429

Қазақстан мен Түркия арадағы сауда айналымын 5 миллиард долларға жеткізбек.

Ресми сапармен Анкараға келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөздер жүргізді. Аталған экономикалық бастаманы бауырлас ел қолдап отыр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты мұндағылар барынша сән-cалтанатымен күтіп алды. Атты әскери қарауылы Президент мінген көліктің қасынан бір елі қалмады. Дәрежесі ресми сапар болған соң мәртебесі де биік. Елбасының Анадолы жеріне келгенін түрік телеарналары тікелей эфирде көрсетті. Екі мемлекеттің әнұраны орындалып, түрік сарбаздары сап түзеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Президент резиденцияның алдында түрік басшысы Режеп Тайып Ердоған қарсы алды. Бауырлар амандық сұрасып, өзара әңгімеге көшті. Аға мен інінің арасындағы жылылық. Үлкенге құрмет, кішіге деген ізеттілікті байқау қиын емес.

Президенттер алдымен оңаша отырып кеңесті. Ауқымды тақырыптарды талқылады. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы байланысты жандандырудың тетіктерін сөз етті. Одан өзге халықаралық мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдету жолдары көп. Аталған мәселелер кеңейтілген құрамның отырысында жан-жақты талқыланды.

Әсем Қабылбек, тілші:

– Қазақ-түрік саяси диалогының ауқымы ұдайы кеңейіп келеді. Бауырлас мемлекеттер өзарар ынтымақтастық пен барыс-келіс бағытындағы жұмыстарды тағы бір жүйеледі. Мұндағы басты мақсат – халықтардың достығы мен байланыстарын одан ары тереңдету.

Қос елдің көшбасылары шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесуден соң бұқаралық ақпарат өкілдеріне мәлімдеме жасады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

– Құрметті Президент, түркі әлемінің ақсақалы. Құрметті баспасөз өкілдері, сіздерге ең шынайы сезімдерімді жолдаймын. Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы шеңберінде бас қосып отырмыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегацияны қонақ қылғаныма ризамын. Түркі әлемінің ақсақалына тағы бір рет қош келдіңіз деймін. 2015 жылы Қазақстанда басталған Жоғары деңгейдегі ынтымақтастық кеңесінің үшінші жиынын Анкарада өткіздік. Соңғы рет қыркүйекте Қырғызстанда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті барысында бас қосқан едік. Құрметті әріптесіммен жеке және делегациялармен кездесуде екіжақты, күн тәртібінде тұрған бүкіл мәселелерді шынайы түрде талқыладық. Өте ауқымды әрі тиімді кездесу өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құрметті Режеп Тайып Ердоған мырза, құрметті ханымдар мен мырзалар! Ресми сапарға Түркия еліне шақырып, қонақжайлылық көрсеткендеріңіз үшін ең алдымен Президент мырзаға шын жүрегіммен алғысымды айтамын. Бауырлас Түркияның ішкі саяси тұрақтылығы мен тыныштығы Қазақстан үшін өте маңызды. Режеп Тайып Ердоғанды биылғы маусымда жаңа жүйе бойынша өткен президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтаймын. Сайлау нәтижесі ерен еңбегін жоғары бағалап, жүргізіп отырған саясаты мен стратегиялық бағыттарын қолдап отырғандығын барлық дүниенің алдында көрсетті. Барша қазақстандықтардың атынан Түркия басшылығының жаңа бастамаларына табыс, бауырлас түркі халқына бақ-береке тілеймін.

Түркия – тек бауырлас ел ғана емес, Қазақстанның саудадағы сенімді серіктесі. Президенттер жыл сайынғы тауар айналымының ауқымы 5 миллиард доллардан кем болмауы керек деген межені белгіледі. Бұл бастаманы бауырлас елдермен бірлесіп жүзеге асыру көзделген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанда көптеген түрік компаниясы табысты жұмыс істейді. Қазір елімізде түрік капиталының қатысуымен құрылған 1800-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп түр. Тауар айналымының көлемі өткен жылы екі млрд долларға жақын болды. Бұл көрсеткішті бүгін біздің келіскеніміз бойынша жақын арада 5 млрд долларға жеткізіп, 10 млрд долларға жеткізуге алдымызға мақсат қойдық. Екі елдің Үкіметі осы салада жұмыс істейтін болады. Қазақстан мен Түркия – ежелден Ұлы Жібек жолын тоғыстырып келе жатқан елдер. Бұл игі істі одан ары жалғастыруымыз қажет.

Сапар нәтижесі – қос тарапқа да тиімді сүбелі құжаттар. Бес келісімге қол қойылды. Мәселен, ауыл шаруашылығы мен әскери саладағы ынтымақтастық, ортақ мәдени орталықтар құру туралы мәміле.

Ерекше айтып өтерлігі, «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының жоспары. Екі елге ортақ маңызды құжат құрылыстан бастап өндіріс, машина жасау, инфрақұрылым, химия секілді барлық саладағы әріптестікті мығымдауға жол ашады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Былтыр Режеп Тайып Ердоған мырзаның Астанаға ресми сапары барысында «Жаңа Синергия» атты бірлескен экономикалық бағдарламаны жүзеге асырудың 2017-2020 жылдарға арналған іс шаралар жоспарының хаттамасына қол қойғанбыз. Осы құжатқа сәйкес орындалып жатқан немесе жоспарланған 24 инвестициялық жоба бар. Бүгінгі келіссөздер барысында біз елдеріміз арасындағы транзит көліктік, мұнай газ, әскери техникалық, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, білім, ғылым, технология салаларындағы қатынасты талқылағанымызды бауырым Ердоған мырза айтып өтті. Аталған бағыттарды одан әрі ілгерлету мақсатымен ықпалдастыққа одан әрі дамытуға уағдаластық.

Президенттің Анадолы жеріне жасаған кезекті ресми сапары қазақ-түрік қарым-қатынасының жаңа парағын ашты десе болады. Анкарада өткен инвестициялық форумда құны 2 млрд доллардан асатын 20-дан аса құжатқа қол қойылды. Демек ортақ тарихи тамырдан нәр алатын байырғы байланыстарымыз мызғымас стратегиялық сипат алды деген сөз. 

Авторлары: Әсем Қабылбек, Азамат Сәметов, Айдос Серікболұлы, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев

Хабар 24 телеарнасы