352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Астана» ХҚО жаңа буынның талабына сай құрылады

  • 142

Ол «жасыл» қаржыландыру құралдарын мен стандарттарын енгізу үшін тиімді алаңға айналмақ.

Қазірдің өзінде әлеуетті инвесторлар орталыққа қаржы құюға дайын. Бұл туралы «Astana Finance Days» форумында айтылды. Шарада сөз сөйлеген еліміздің Премьер-Министрі мәртебелі меймандарға ТМД-да теңдесі жоқ орталықтың жұмысы жайында айтып берді.

Мамандар «Астана» халықаралық қаржы орталығының болашағы зор екеніне сенімді. Бүгінге дейін 55 компания тіркеуден өткен. Оның ішінде ірі қаржы ұйымдары бар. Мәселен, Ислам даму банкі мен бірнеше халықаралық даму банкі Астана орталығымен жұмыс істеуге ниетті. Осы орайда орталықтың қаржылық қызметтерінің тағы бір ерекшелігі исламдық қаржыландыру нарығының дамуына ықпал ету болып табылады. Қазірдің өзінде орталық базасында Азия даму банкі және Ислам даму банкімен бірлесіп қажетті құқықтық және реттеушілік орта құрылған. Биылғы жылдың соңына дейін мемлекеттік исламдық құнды қағаздар – сукуктар эмиссиясы жүргізіледі. Сондықтан «Астана» халықаралық қаржы орталығы болашақта исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде қарастырылады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы клиенттері мен қатысушыларына не ұсынады – енді сол жайында. Біріншіден, Еуразияның әлеуметті нарығына шығуға мүмкіндік береді. Еліміз бұл орталықты әлемдік қаржы жүйесінің бөлігі ретінде қарастырып отыр. Өйткені оның географиялық ерекше орналасуы Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Кавказ, Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығуына жол ашады. Демек орталық Батыс Қытай, Моңғолия және Еуропа елдері арасындағы қаржылық-экономикалық көпірге айнала алады. Мұның барлығы 1 млрд-тан астам адамды қамтитын алып нарыққа айналмақ.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- «Астана» халықаралық қаржы орталығының тәуелсіз құзыреті бар. Дүниежүзінің барлық қаржы орталығына сай онда да құқық және сот жүйесі ағылшындық жалпы құқық принциптерін ұстанады. Арбитраж орталығы, Халықаралық қаржы соты және тәуелсіз қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитет құрылды. Оларды әлемге танымал білікті заңгерлер басқарады.

«Астана» қаржы орталығы жыл соңына дейін 100-ге жуық компаниямен келісім жасауға ниетті. Ал 2030 жылға дейін 30 млрд доллар қаржы тартады.

Авторы: Әсел Тұмашқызы

Хабар 24 телеарнасы