USD 342,73

EUR 403,00

РУБ 5.50

Рохинджалықтар орналасқан аймақта су тасқыны жүріп, халықты әбігерге түсірді

Рохинджалықтар орналасқан аймақта су тасқыны жүріп, халықты әбігерге түсірді

Бангладештің Рохинджа босқындар лагерьлері орналасқан аймақта да бірнеше тәулік бойы жаңбыр жауып, су тасқыны жүріп, Мьянмадан ауған адамдар әбден әбігерге түсіп жатыр.

Жергілікті билік апат аймағынан 100 мыңнан аса босқынды қауіпсіз жерге көшіруді бастағанын мәлімдеді. Өйткені кезінде күріш еккен алқап лай-батпаққа айналып шыға келген. Ал АҚШ билігі Рохинджа босқындарына 100 миллион доллар көмек бөлді. Қаржы босқындарға азық-түлік, ауызсу, күркелер мен тағы басқа да қажетті заттар сатып алу үшін жұмсалады.

Айта кетейік, рохинджалардың Мьянмадан жаппай кетуіне 25 тамызда осы ұлттан құралған қарулы топтардың Ракхайн штатындағы полиция бекеттері мен әскерилерге шабуыл жасауы себеп. Осыдан кейін аймақтағы жағдай шиеленісіп, қарапайым рохинджалар көрші Бангладеш еліне бас сауғалауға мәжбүр болды.

Абдур Шукур, босқын:

- Егер мына суда тұра беретін болсақ, ауруға шалдығатынымыз айтпаса да түсінікті. Бұл жерде дәрігер жоқ, дәрі-дәрмек те таба алмайсың. Ал жауын жиі жауады. Қазір лагерьде 500 отбасы бар. Енді қайда барып бас сауғалайтынымызды білмейміз.

Хабар 24 әлеуметтік желілерде