359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында Ботай мәдениетінен сыр шертетін музей ашылды

  • 394

Бурабайда ежелгі Ботай мәдениетінен сыр шертетін ашық аспан астындағы музей ашылды.

Нысан «Ботай-Бурабай» деп аталады. Келушілер оны тегін тамашалай алады. Онда осыдан 6 мың жыл бұрынғы Ботай мәдениеті қонысының көшірмесі қойылған. Қазақстанда теңдесі жоқ айрықша музейдің ашылу салтанатына еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев арнайы келіп қатысты.

Бұл қоныс Бурабайдағы Жекебатыр тауының етегінде орналасқан. Нысан жеті бөліктен тұрады. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Әрі бір-бірімен жерасты өткелдері арқылы жалғасқан. Ал музейді орналастыруға осы курортты аймақтың таңдап алынуы да бекер емес.

Қуаныш Шақшақов, археолог:

- Бұл жерді таңдағанымыз, бұл жерде тауы бар, орманы бар және жазық жері бар. Ботай мәдениетінде адамдар осындай жерлерді мекендеген.

Қоныстың іші келушілерді таңқалдырмай қоймайды. Себебі, әр бөлмеге археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған Ботай мәдениетіне тиесілі жәдігерлер, яғни сол дәуірде қолданылған тұрмыстық заттар қойылған.  

Виктор Зайберт, «Ботай-Бурабай» музейі жобасының авторы:

- Осыдан 6 мың жыл бұрынғы адамдар, яғни атбегілер осындай қоныстарда тұрған. Ең қызығы, олар осы қоныстардың үлгісін әлемнің көптеген жеріне таратқан. Оған, мәселен, Шығыс және Орта Азия елдерінде, Ресей мен Украина, жалпы Еуразия кеңістігінде табылған дәл осындай археологиялық нысандар дәлел. Біз мұны ертедегі қонысқа барынша дәлме-дәл ұқсатуға тырыстық.

Музей алдағы уақытта тағы көптеген жәдігерлермен толыға түседі. Себебі, Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр елді мекенінен Ботай мәдениетіне тиесілі қалашықтың орны табылды.

Айта кетейік, осыған дейін елімізде аттың шығу тарихын зерттейтін әлемдік ғылыми фильм түсірілген болатын. Ал бұл қоныс – сол жобадан туған идея.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Осы жоба бейнеде ғана емес, адамдар келіп көруі үшін жасалған. Туризмді дамытуға байланысты осындай шешім қабылданды. Қазір біздің оқытушылар болсын, ғалымдар болсын, студенттер болсын келіп зерттей алады деген сенімдеміз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты осы жоба іске қосылды.

Мәлік Мырзалин, облыс әкімі:

- Бұл жобаның біз үшін екіжақты маңызы бар. Бірінші, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының айқын көрінісі. Екіншіден, бұл музей туристерді Бурабайға көптеп тартуға мүмкіндік береді. Енді біз бұл жобаны одан әрі дамытамыз. Басқа аудандарда келешекте осындай тарихи маңызы зор нысандар бой көтеретін болады.

Айта кетейік, Ботай мәдениеті жылқыны қолға үйреткен адамдар ретінде әлемге танымал. Олардың алғашқы қоныстары осыдан 35 жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының аумағынан табылған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы