369.54 425.20 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жарияланды

  • 567
  • UPD: 15:14, 11.01.2018

Елордада дүлей дауылдың салдарынан небәрі түске дейін 60-тан астам жол апаты тіркелген.

Ал Астана халықаралық әуежайы әлі де іске қосылған жоқ. Сол себепті кейбір рейстерді Алматыға жөнелтуге мәжбүр болып отыр. Қоғамдық көліктердің де жұмыс кестесі өзгерді. Барлық коммуналдық қызметтің жұмысы күшейтіліп, шаһарды ақ ұлпадан тазартып жатыр.

Көпті абдыратқан табиғаттың тосын мінезі қашанға дейін жалғаспақ?

Блиц:

- Жүру қиын. Көлігімді тастап, кейін кеттім.

- Боран, түк көрінбейді. Ұшып кете жаздадық.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Бораннан жүрмек түгілі демалу қиын. Бас көтертпейтін дауылдан ағаш, жарнама стендтері қирап, шатырлар ұшып жатыр. Бір адам тіпті жарақат алған. Сондықтан қаланың әкімі мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, кәсіпкерлік және құрылыс нысандарының басшыларына қызметті уақытша тоқтатуды ұсынды.

Міне дауылдың күші. Адамдардың бәрі жүре алмай дал. Бұл дүрбелең таң ата басталды. Көліктер кептеліп, жұртшылық жұмысына жете алмай әбігерге түсті. Ол аздай бір мектеп оқушысының ақ түтек боранда адасып кеткені туралы Whatsapp желісі арқылы хабарлама тарап, дүйім жұрт бір дүрлігіп алды. Абырой болғанда балақай табылды.

Сонымен қатар көліктердің үстіне шатырлар құлаған. Бірақ нақты қанша темір тұлпарға зақым келгені әзірге белгісіз. Санаулы сағаттың ішінде  «112» нөміріне астаналықтардан 2 мыңнан аса қоңырау түсіпті.

Қазіргі уақытта Астанада барлық бағыт бойынша жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Мұнан бөлек Қосшы ауылдық округінің тұрғындары таң атқалы бері жарықсыз отыр. Шаһарды қардан тазалау жұмыстарына 1 300-ден аса техника мен мыңдаған адам жұмылдырылған. Қаладан 40 мың текше метрге жуық ақ ұлпа тазартылды.

Ал төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жүргізушілерге жолда ақырын жүру керектігін ескертуде. Мамандар: «Мұндай ауа райы алдағы екі күнге дейін жалғасады», – дейді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ануар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы