USD 327.42

EUR 383.90

РУБ 5.31

Қарағандылық мамандар ойлап тапқан қатерлі ісікке қарсы дәрі емдеу мекемелеріне түсе бастады

Қарағандылық мамандар ойлап тапқан қатерлі ісікке қарсы дәрі емдеу мекемелеріне түсе бастады

Соңғы үш жылда елімізде дәрі-дәрмек өндірісі бірден 42, ал тамақ өнеркәсібі 4 пайызға ұлғайды.

Өндірістегі өсімге Қарағанды өңірінің де қосып отырған үлесі қомақты. Тек өткен жылдың өзінде аймақтағы кәсіпорындар 2,3 триллион теңгенің өнімін өндірген. Алдағы жоспарлар да ауыз толтырып айтарлықтай.

Фармацевтика нарығындағы отандық дәрі-дәрмектің үлесін арттыру үшін ел ғалымдары тынбай еңбектеніп жатыр. Айталық, қарағандылық мамандар ойлап тапқан қатерлі ісікке және гемофилия дертіне қарсы қос дәрі қаңтар айынан бастап емдеу мекемелеріне түсе бастады.

Ал екі жыл бұрын құрылған фармацевтикалық кластердің құрамына қазір өңірдегі 17 мекеме енген. Отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамытып, кәсіби мамандар даярлау ісін жолға қоятын бұл кластер консорциум түрінде жұмыс жасайды. Оның алғашқы нәтижелері де жаман емес.

Евгений Толоконников, фармацевтикалық зауыт директоры:

– Қазір біздің зауытта дәрі-дәрмектің 43 түрі өндіріледі. Клиникалық зерттеуден өтіп жатқандары қаншама. Қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» дәрісін біз бұған дейін тек екпе түрінде жасап келсек, жақын күндері таблеткасын шығара бастаймыз. Ол үшін Германиядан заманауи қондырғы сатып алдық.

Тамақ өнеркәсібіндегі талпынысымыз да жақсы. Соңғы үш жылда аймақта ондаған кәсіпорын іске қосылған. Жоғарғы сортты жұмыртқа, шұжық жасайтын цехтар мен нан зауыты қазір тұрақты жұмыс істеп тұр. Ал сүт зауыты биыл өнім түрін 40-қа жеткізген. Саннан сапаға көшті. Көкшетауда ірімшік жасайтын кәсіпорын ашты. Енді шалғай ауылдарда шағын цехтар салуды жоспарлап отыр. Алғашқысы облыс орталығынан 350 шақырым қашықтықтағы Абай ауылында іске қосылмақ.

Ерлан Әшім, кәсіпорын қожайыны:

Біздің болашағымыз осындай кіші өндірістерде. Менің ары қарайғы жоспарым әр ауылда осындай кішігірім өндіріс ашу. Өйткені қала мен ауылдың арақашықтығы өте алыс. Әсіресе шалғайда жатқан, 300-350 шақырым жерде жатқан ауылдардан сүт жинап, Қарағанды әкелу деген мүмкін емес, оны армандап та керегі жоқ. Сол жерде бір кішігірім өндіріс жасау керек.

Осылайша Қарағанды облысының кәсіпкерлері келешекте азық-түлікпен отандық нарықты қамтып қана қоймай, экспортқа да шығаруды көздейді. Қазірдің өзінде Топардағы жылыжай өз жемістерін Ресейдің 8 қаласына жіберсе, Осакаров ауданындағы бие сүтінен жасалатын ұнтақ 100 пайыз Германияға экспортталады. Ал Жаңарқа ауданының шаруалары өсіріп отырған асылтұқымды қой етін Біріккен Араб Әмірліктері сатып алып отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 әлеуметтік желілерде