352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да бал аралары қырылып, омарташылар шығынға батуда

  • 136

Солтүстік Қазақстан облысында бал аралары қырылып, кейбір омарташылар шығынға шаш етектен батып жатыр.

Олар мұны түрлі зиянкестерге қарсы себілген химиялық заттан көріп отыр. «Сондықтан алдағы уақытта бал шаруашылығына арнайы алқап бөлінсе», – дейді мамандар.

Петропавл қаласының тұрғыны Геннадий Морев уақытының басым бөлігін орманда өткізеді. Ара өсіріп, бал айыру ісімен 20 жылдан астам уақыт айналысады. Өңір тұрғындарын сапалы табиғи өніммен қамтамасыз ету үшін шаруашылық та құрған. Алайда ауа райының қолайсыздығы бұл іске қолбайлау болып отыр.

Геннадий Морев, омарташы:

– Биылғы маусым біз үшін қиын болып тұр. Өйткені көктем салқын, ал жаз тым кеш келді. Салдарынан алғашқы өнімді енді ғана алып жатырмыз. Бұрындары бұл уақытта өнімді саудалайтын едік.

Омарташыларға жергілікті шаруа қожалықтары да айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Алқаптарды түрлі зиянкестерден қорғау үшін себілетін химиялық заттан бал аралары қырылуда. «Және бұл жағдай жылда қайталанады», – дейді олар.

Олег Гаврилов, облыстық омарташылар қауымдастығының төрағасы:

– Уақыт өткен сайын шағымданушылардың саны артып келеді. Улы дәріге аралар қырылып жатыр. Оның үстіне бір орыннан екіншіге көшіп жүру ыңсайзыдық туғызады. Сондықтан болашақта осы шаруашылықты дамыту үшін біздерге арнайы жер бөлінсе дейміз.

Үстіміздегі жылы оңтүстіктен солтүстікке бес мыңнан астам араның ұясы әкелінді. Бұл – шамамен үш жүз миллион ара. Ал олардан алынған балды енді мамандар шетел нарығына шығармақ ниетте.  

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Бүгінгі күні өңірде екі мыңнан астам омарташы бар. Өткен жылы олар 300 тоннаға дейін бал жинаған екен. Биылғы көрсеткіш – оны үш есеге дейін арттыру. Сондай-ақ бал өнімдерін аспан асты елі мен Бірікке Араб Әмірліктеріне экспорттау көзделіп отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Дмитрий Рура

Хабар 24 телеарнасы