361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында ауызсу мәселесі оң шешімін таппақ

  • 110

Павлодар облысының Май ауданында ауқымды су тарату магистралінің құрылысы басталды.

Оның ұзындығы шамамен 150 шақырымға жуықтайды. Халық ұзақ жылдар бойы күткен ауызсудың қайнар көзі Баскөл ауылынан басталып, Ақжар елді мекеніне дейін жалғасады. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2019 жылға жоспарланған. Құны 5 миллиард теңгеден асатын жоба сәтті жүзеге асса, Май ауданы ауызсумен 100 пайыз қамтылады.

Негізгі жұмыс Баскөл ауылында жүріп жатыр. Құрылыс алаңы 19 мың 500 шаршы метр аумақты алады. Оның 3 мыңына су тазарту бекеттері орналастырылады. Жеті су тартатын ұңғыма қазылып, 2 мың текше метрлік су қоймасы және 4 мың текше метрлік таза суға арналған тағы бір резервуар салынады.  

Александр Сонин, учаске басшысы:

– Біз келісімге қол қойдық. Бүгінгі таңда бой көтеретін нысандардың орындарын дайындап жатырмыз. Жер қазу жұмыстары аяқталып қалды. Дәл қазір таза су қоймасының орнында жұмыс жүріп жатыр. Құрылыс материалдарын тасып жатырмыз. Орындарын дайындап алып, монолиттен іргесін қалаймыз.

Топтастырылған су құбырының құрылысы бір ай бұрын басталды. Жобаның құны 5,5 миллиард теңгеге жуықтайды. Қаржы республикалық бюджеттен бөлініп отыр.

Әріпхан Байбөриев, «Қазсушар» РМК, Қ.Сәтбаев атындағы канал директорының орынбасары:

– Су тазарту стансасының қуаттылығы тәулігіне 4150 текше метр суды тазалайды. Қарашада құрылысын аяқтаймыз жоспарлап отырмыз. 32 техника, 82 адам жұмыс істеп жатыр.

Магистральді салуға отандық құрылыс материалдары қолданылады. Мәселен, полиэтилен құбырлары Астана қаласында жасалған. Қолдану мерзімі 80 жылға жуықтайды. Топтастырылған су құбырын Май ауданы ұзақ жылдар бойы күтті. Өткен жылы аудан орталығынан 90 шақырымда жатқан Ақшиман ауылының 500 тұрғыны орталықтандырылған су жүйесіне қосылған болатын.

Ардақ Қаңтарбаев, Май ауданының әкімі:

– Осы жылы 800 миллионнан астам қаражат бөлінді. Тағы да қосымша ақша бөлінеді. Осы жылы бірінші және екінші кезегін аяқтамақшы.

Ертіс өзеніне қол созым жерде тұрған Май ауданының тұрғындары үшін көптен күткен ауыз су мәселесі оң шешімін табатын болды. Бүгінде аудандағы  11 ауылдық округте шамамен 10,5 мың адам тұрады. Ауқымды құрылысқа ауыл азаматтары да жұмылдырылған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы