353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысының шаруашылықтары судың тарифінен шығынға ұшырап отыр

  • 104

Махмамбет, Исатай аудандарындағы 40 шаруашылықтың егістігі пен мал жайылымына қажетті судың бастауы Жалғансай ауылында орналасқан.

80-жылдардың соңында іске қосылған мына су айдау қондырғысының тозығы жектені соншалық, тек екі сорғы ғана жұмыс істеп тұр. Әзірге сол да жеткілікті. Себебі құмығып қалған су арнасы артық суды сыйғыза алмайды екен.

Бейбіт Бисәлиев, «Төменгі Жайық» өндірістік учаскесінің басшысы:

- Бұлардың пайдалану мезімі 25 жыл. Біз 35 жыл пайдаланып келеміз. Қазір енді қосалқы бөлшектердің жоқтығынан перспективасы жоқ. Бұл насос тоқтаса Махамбет, Исатай аудандарының егісітігі мен мал шаруашылығына өте үлкен залал келеді.

Онсыз да қасқалдақтың қанындай тірлік нәрінің бағасы да өте жоғары. Себебі механикалық тәсілмен алынған суға жұмсалатын электр қуаты, қондырғылардың шығыны тауар өндірушілердің мойнына түседі. Салдарынан Атырауда 1 текше метр судың бағасы 15 теңгенің үстінде. Егер оңтүстік өңірде ол сома бар болғаны 20 тиын екенін ескерсек, бұл шаруа иелерінің орынды ренішін туғызары анық.

Владимир Розметов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Менің ойымша, тариф республика бойынша судың бағасы бірдей болуы керек. Сонда ғана барлық фермерлер алаңсыз еңбек ете алады. Әйтпесе біз шығынға қалмас үшін өз өніміміздің бағасын көтеруге мәжбүр боламыз. Оның тақсіретін тұтынушы тартады.

Осындай күрмеуі қиын күрделі мәселені жергілікті билік те, республика да жақсы біледі. 2015 жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің суландыруға жұмсаған шығынының 50 пайызын мемлекет субсидиялап келеді. Бірақ бұл арада да түйткіл бар.    

Тілек Әміров, облыстық АШБ бөлім басшысы:

- Егістік көлеміне қарай ай сайын акт жасақталып, пайдаланған судың толық 100 пайыз ақшасы су беруші мекемеге берілгеннен кейін сол құжаттардың негізінде біздер 50 субсидиясын төлеп отырмыз.

Жалпы Атырау облысында Жайық өзенінен алатын 15 канал бар. Ұзындығы 1152 шақырымдың су арнасы мұнайлы өңірдегі 2500-дей шаруашылықтың қажетін өтеуі тиіс. Ауылдықтар үшін жағымды жаңалық: биылдан бастап, жергілікті билік барлық су арналарын облыстың балансына алып, коммуналдық шаруашылық құрмақ. Қазір оның алғашқы жұмыстары басталған. Бүгінде облыстағы 22 су айдау қондырғысының 10-ын жаңалап, арналарды аршу жұмыстары  басталды. Енді егістік пен жайылым көлемін 2 есеге дейін арттыруға мүмкіндік болады,- дейді мамандар. Жаңа кешенді жүйе жүзеге асқан жағдайда тек ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер ғана емес, тұтынушылар да пайдаға қалмақ. Азық-түлік түрлерінің 60 пайызын сырттан тасымалдайтын Атырау облысы маусымында көкөніс пен бақша дақылдарын қол жетімді бағада сатып алуға қол жеткізеді деген сенім бар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы