361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында ауылдар қыста жылусыз қалуы мүмкін

  • 391

Маңғыстау облысының 99,8 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Десек те көгілдір отын Түпқараған және Мұнайлы аудандарындағы жаңа пайда болған төрт бірдей ауылға жетпепті.

2 мың 300-ге жуық отбасы биылғы қыста тағы да жылусыз қаламыз ба деп алаңдайды. 

Бегей ауылының тұрғыны Маргарита Еськоның күз келіп, қаһарлы қыс жақындаған сайын уайымы еселене түсуде. Көп балалы отбасы былтыр қыста жылусыз қатты қиналыпты. Суық үйге шыдамаған олар аязды күндері облыс орталығынан пәтер жалдауға мәжбүр болған.

Маргарита Есько, Ақшұқыр ауылының тұрғыны:

- Біздерге өте қиын. Ыза болады, 2 комнатаны ғана жылытамыз. Басқасын жылыта алмаймыз. Көмір жоқ. Кішкентай сәбилер бар немерелер, қарттар бар.

Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылына қарасты Бегей тұрғынүй массиві Ақтаудың іргесінде жатыр. 50-дей түтіні бар шағын ауылдың халқы 5-6 жылдан бері үйді жылытудың машақатын көріп келеді. Газ құбыры тартылмағандықтан тұрғындар амалсыз электр энергиясын пайдаланады. «Мұнайлы өңірде табиғи газдан басқа отын түрі жоқ, сұраныс болмағандықтан көмір де сатылмайды» дейді тұрғындар.

Кемел Нұрланов, Ақшұқыр ауылының тұрғыны:

- Өткенде жағып қарадық қыста, айына 200-300 мың шығады. Мүмкін емес жағдай ғой. Бала-шағамызбен тапқан табысымызды жарық ақысына беріп, енді сонда ішпейміз ба, жемейміз ба, балаларымызды оқытпаймыз ба? Тіпті қиын жағдайда қалдық. Сондықтан да балларымды мен өткен қыста қыстай алмайтын болған соң қалаға жібердік, квартира жалдап.

Арыстанбек Кенжеғараев, Ақшұқыр ауылының тұрғыны:

- Газды тартып берсін бізге, өлетін болдық қой мынау. Қалаға қыстауға қашып кетіп жатырмыз бәріміз. Үйлеріміз көгеріп кетті. Балалар ауырады, тоңады.

Бегей тұрғындарының биылғы қысты да көгілдір отынсыз өткізуіне тура келеді. Ауыл ішіне газ құбырын тарту жұмыстарына қажетті қаражат келесі жылы бөлінбек.

Нұрлан Орынбасаров, облыстық энергетика ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Негізі Ақшұқыр және Сайын Шапағатов елдімекендерінде газбен қамтамасыз етуге жалпы жоба құны 4 млрд теңгені құрайтын 4 жоба бар. Ол республикалық бюджетке қаржыландырылуға ұсынылды. Қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін газдандыру жұмыстары басталатын болады.

Алайда ауыл әкімі тұрғындарға көмек қолын созатын инвестор табылып жатса, мәселенің қыс түспей шешілетінін айтады. Қазір қаржы көзін іздеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Ал Мұнайлы ауданындағы Басқұдық пен Атамекен ауылдарын газбен қамтамасыз ету ісі басталып кетті. 300-ге жуық отбасының көгілдір отынның игілігін көретін күні алыс емес екен.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы