352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зарина Дияс елордада жас теннисшілерге шеберлік сабағын өткізді

  • 115

Зарина Дияс Астанада алғаш рет шеберлік сабағын өткізді.

Еліміздің айтулы кәсіби теннисшісі 10 жасқа дейінгі жеткіншектермен кортқа шығып, өз білгенін үйретті. Ұлттық теннис орталығындағы шеберлік сынында әрбір жас теннисші Заринамен ойнауға мүмкіндік алды. 

Теннис - әлемдегі ең мәртебелі, элиталық қымбат спорттың бірі. Қазір ракетка ұстаған қыз-жігіттерге еліктейтін жастар көп. Шыдамдылық пен шеберлікті қажет ететін спорт түріне балалар ерте жастан келеді. 9 жастағы жеткіншектердің алды Республикалық жарыстарға қатысып үлгерсе, енді бірі шеберлігін шыңдап жүр.  

Айару Бектемір, жас теннисші:

- Мен төрт жыл барып жүрмін.  Осы төрт жылда мен Қызылордада үшінші орын алдым. Ол өте жақсы ойнайды. Ол қазақстанның теннистен өте жақсы спортшы қызы.

Қазір Зарина Дияс жарақатына байланысты халықаралық жарыстардан сырт қалды. Бірақ осы айдың аяғына дейін қалпына келетінін айтады. Отандасымыз Астанада шеберлік сабағын өткізуді көптен бері ойлап жүргенін айтады.

Зарина Дияс, қазақстандық теннисші:

- Мен балаларды жақсы көремін. Бүгінгі шеберлік сабағынан көп ләззат алдым. Жеткіншектердің бал-бұл жанған жүздерін көргенде өзің де қуанасың. Көңіл-күйім көтеріліп, керемет демалып қалдым.

Қазақстандық теннисші енді Америкаға аттанады. Зарина 30 шілде күні Вашингтонда басталатын теннис турниріне қатысуды жоспарлап отыр.

Хабар 24 телеарнасы