EXPO кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін полицейлер саптық байқаудан өтті

ЕХРО-2017 көрмесі кезінде тәртіп сақшыларының саны артады.

Халықаралық шарада астаналық полицейлерге қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде облыстағы әріптестері көмектеседі. Бүгін 500 полиция қызметкері елордаға жетіп, саптық байқаудан өтті.

Айта кетелік, барлығы да ағылшын тілін меңгерген. Жеке құрам арнайы киіммен, патрульдік автокөлікпен және басқа да қажетті техникалық құралдармен жабдықталды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

– Астана қалалық ішкі істер департаментінің жеке құрамы ЕХРО өтетін мерзімде көрме аумағын жіті бақылауда ұстайды. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, бұл – еліміз үшін өте ауқымды және маңызды шара. Сондықтан құқықтық тәртіпті қадағалап, оны сақтау үшін аймақтардан қосымша күш тартылды. Олардың қатарында кинологтар мен саперлер де бар. Қажетті техника мен құрал-жабдық жеткілікті.