Қазақстанда халықты жаппай вакциналау сәуір айында басталады

Халықты жаппай вакциналау сәуір айында басталады. Қазір дайындық жұмыстары пысықталып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде вакцинамен қамту, оны жеткізу мәселесі бар. Ал отандық екпе ше? Ол қашан қолымызға тиеді?

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Жаһанды жайлаған қауіпті кесел барлық саланы састырғаны рас. Тіршілік бір мезет тоқтағандай болды. Дегенмен, бір жыл уақыттан соң мектептерде оқуға рұқсат етілді, кейбір мекемелерге жұмысын жандандыруға мүмкіндік берілді. Біздің елде оқу жылының басынан бері 10 мыңнан астам оқушы коронавирус жұқтырды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты. Оның ішінде 3324 бала оффлайн режимінде білім алған.

Ерлан Қиясов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР БАС Мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- Өкінішке орай, мектеп оқушылары арасында коронавирус жағдайларының тіркелуі жалғасып жатыр. Оқу жылы басталғаннан бері 10 мыңнан астам мектеп оқушысы коронавируспен ауырды. Оның ішінде 3324 бала оффлайн режимінде білім алған. Қазіргі уақытта карантиндік іс-шаралар өңірлердегі және жекелеген мектептегі коронавирусқа шалдығу жағдайларын ескере отырып, теңгерімді түрде қолданылады.

Сәуір айының соңына қарай қазақстандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылады. «Алғашқы көлемі 50 мыңға дейін жетеді», - деп мамандар болжап отыр. Коронавирусқа қарсы вакцинаны енді кез келген қазақстандық ала алады. Ол үшін тіркелген медициналық мекемеге өтініш беру керек. Кезегі келгенде емханадан хабарласып, екпе салдыруға шақырады. Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов осылай деді. Қазіргі уақытта екпе салдыруға өтініш бергендер бар. «Ел арасында вакцина алуға ниетті адамдар көп», - дейді бас санитарлық дәрігер. Қазір облыс, аудандарға вакцина жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ерлан Қиясов сәуірде жаппай вакциналау кеңінен қолға алынатынын жеткізді.

Ерлан Қиясов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР БАС Мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- Қазір екпе алуға тиісті белгіленген топты вакциналап жатырмыз. Бұл алдан ала жоспарланған тізім бойынша орындалып жатыр. Дегенмен, сәуір айында жаппай вакциналау халыққа жүргіземіз деген жоспар бар.

Қазақстан AstraZeneca вакцинасын елге жеткізу туралы келіссөздерді тоқтатты. ҚР ДСМ хабарлағандай Қазақстан Pfizer, Moderna, Sinovac, Johnson & Johnson вакциналарын жеткізу туралы келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков хабарлады. Наурыз айының соңына дейін елімізде «Спутник V» вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілетін болады. Олар барлық өңірге 1 сәуірге дейін бөлініп беріледі.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы