Үкімет бюджетті бекітті

Үкімет алдағы 3 жылға арналған бюджет жобасын бекітті. Жылдағы дәстүр бойынша ел экономикасын дамытудың 3 сценарийі әзірленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен базалық сценарий бойынша мұнайдың орташа бағасы барреліне 85 $ деп есептелген. Егер жоспар іске асса, онда АҚШ долларының бағамы 470 теңге болады. ЖІӨ-нің өсімі келер жылы 4%-ке жетеді. Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне 110 доллар. Ал теңгеге шаққандағы бағамы – 440 теңге болуы мүмкін. Пессимистік жоспарда  мұнай бағасы барреліне 60 $ дейін төмендейді. Инфляция болса келер  жылы 7,5-9,5% дәлізінде сақталады. Болжам бойынша бюджет шығыстары келер  жылы  21 трлн теңгеден асады. Ал түсімдер 17,8 трлн теңге. Донор қалалар елорда мен Алматы және Атырау облыстары. Қазына қаражатының басым бөлігі әдеттегідей әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұл мақсатқа 8 трлн. теңге бөлу жоспарланып отыр.

Әлібек Қуантыров, ұлттық экономика министрі:

– Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджет қағидаларына сәйкес мұнайдың кесімді бағасын ескере отырып айқындалды.Осылай заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2023 жылы барреліне 48,9 АҚШ доллары, 2024-2025 жылдары барреліне 42,2-40,3 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, 2024 жылы 2,0 трлн теңге, 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде белгіленді.