Әлемдік бестселлер қазақ тіліне аударылды

«Қала үшін күрес. Урбанистік революция нұсқаулығы». Аталған әлемдік бестселлер «Болашақ» қауымдастығы мен «Қантай» баспасының бірлесуі арқасында қазақ тіліне аударылды.

Кітап түпнұсқасының авторлары ғасырдың ең ірі урбанисттері Джанет Садик-Хан және Сет Соломонов. Қазақша нұсқасын еліміздің кітапханалары мен кітап дүкендерінен табуға болады. Сондай-ақ қала құрылысы бойынша осы практикалық нұсқаулықтың жүздеген данасы Қазақстанның өндірістік оқу орындарының жас урбанистеріне тегін ұсынылады. Жоба мақсаты мүдделі адамдар мен ұйымдардың назарын мемлекеттік тілдегі сапалы материалдар тапшылығына аудару.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары:

- «Қала үшін күрес» кітабының көпшілік үшін пұтқа айналған авторы қалаларды жоспарлау, дұрыс ұйымдастыру және дамыту мәселелерін қайта қарауға шақыра отырып, бізге жаяу жүргіншілерге қолайлы қалаларды құруға арналған пайдалы құралдар қазынасы сыйланды. Бұл кітап тек урбанизация және сәулет саласының мамандары үшін ғана емес, сонымен қатар әрбір қала тұрғыны үшін өте пайдалы болатыны сөзсіз.

Айта кеткен жөн, кітапта 20-ғасырдың соңында қалалардың өмір сүруге ыңғайсыз тас джунглиге айналғаны туралы баяндалады. Мәселенің кең етек алғаны соншалық, көптеген шаһар әкімдіктерін көшелерді бастапқы қалпына келтіруге және қаланы тұрғындарға ыңғайлы етуге мәжбүр етеді. Қала жоспарлаушыларға арналған бұл практикалық нұсқаулықта қарапайым тілде көшелерді қайта құру, веложолақтар салу, жаяу жүргіншілер мен демалыс аймақтарын жасау, қоғамдық көлікті кеңейту, жол-көлік апаттарын азайту және қоршаған ортаны жақсарту үшін көптеген мысалдар келтірілген.