423,92 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда үш ЖОО-ның білім беру қызметіне аккредитациясы қайтарып алынды

  • 216
  • UPD: 22:02, 03.07.2021

Қазақстандық үш жоғары оқу орнының енді диплом беруге құқығы жоқ. Ендігі кезекте олардың білім беру қызметіне аккредитациясы жоқ.

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Орталық Азия университеті, «Астана» университеті және Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінің аккредитациялары кері қайтарылды. Себебі, бұл жоғары оқу орындары білім беру сапасының аккредиттеу стандарттарын сақтамаған. Осыған байланысты Тәуелсіз қазақстандық аккредиттеу орталығы мен Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі аталған жоғары оқу орындарының аккредитациясын қайтарып алды. Енді бұл университеттер жоғары білім туралы құжаттарды бере алмайды, сонымен қатар студенттерді де қабылдауға құқығы жоқ», - делінген хабарламада.

Ведомствоның мәлімдеуінше, «Астана» университеті мен Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінде бұдан бұрын да аккредитациялау барысында қиындықтар болған.

«Біз осы университеттермен соттасып жүргенімізге бір жылдан асты. Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты қазір оларды бас лицензиядан айыру шаралары қабылданып жатыр. Соңғы үшінші тексеру қалды. Осы жоғары оқу орындарының студенттері, ата-аналар мен оқытушыларынан шағымдар түскенін айта кеткен жөн. Олар білім сапасының жоқтығы, оқытушылар мен ғылыми жетекшілердің жетіспеушілігі, сондай-ақ дипломның уақытылы берілмеуіне шағымданды. Енді диплом алу үшін студенттер басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады. Ол үшін біз ЖОО қызметінің үлгілік қағидасына өзгеріс пен толықтырулар енгіздік», - делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, талапкерлер бұл оқу орындарына грантқа түсе алмайды, ал түлектер диплом алмайды. Мұндай жағдайда студенттер тек басқа университеттерге ауысу арқылы ғана тығырықтан шыға алады.

«Аталған жоғары оқу орындарындағы білім алушылардың саны осы уақыт ішінде айтарлықтай төмендеді. Ұлттық білім беру деректор қорының ақпаратына сәйкес, Орталық Азия университетіндегі биылғы оқу жылындағы студенттердің саны 3 070-тен 636-ға дейін, «Астана» университетінде – 1 162-ден 480-ге дейін, Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінде – 1 207-ден 398-ге дейін азайған», - деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Комитет түлектер мен жұмыс берушілерге ЖОО-ның өзіндік үлгідегі дипломдардың сериясы, нөмірі және QR коды болатынын назар аударуын сұрады.

«Дипломдар сериясын ҚР БҒМ бекітеді. Диплом нөмірлерін генерациялау арнайы сервис арқылы жүзеге асырылады. Оның көмегімен жоғары оқу орындары серияларды және реттік нөмірлерді, сондай-ақ QR кодты алады. Сондай-ақ талапкерлер мен ата-аналарды ЖОО-ның оқыту сапасы, оқу орнының инфрақұрылымы мен оқыту тәсілдерін зерделей отырып, жоғары оқу орындарын таңдауға асқан жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», - делінген хабарламада.

Сонымен бірге ведомство бастамасымен «Атамекен» ҰКП өткізетін жоғары оқу орындарының ресми рейтингіне назар аудару қажет. Рейтинг жұмыс берушілердің білім беру бағдарламаларының мазмұны мен қазақстандық жоғары оқу орындары түлектерінің сұранысқа ие болуын ескере отырып жасалған. Рейтингіне БҒМ және «Атамекен» ҰКП сайттарынан қарауға болады.

Хабар 24 телеарнасы