Алтай Көлгінов елордада оқу жылының қалай өтетінін айтты

Нұр-Сұлтан мектептерінде оқу жылы дәстүрлі офлайн-форматта басталады.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, COVID-19 таралуын болдырмау үшін бірқатар шара қабылданды: Нұр-Сұлтанның барлық оқу орындары Ashyq жобасына қосылды, мұғалімдер вакцинацияланды, мектептер қорғаныс құралдарымен жабдықталуда және т.б. Алдағы оқу жылы қалай өтетінін елорда әкімі Алтай Көлгінов тамыз айындағы онлайн-кеңесте айтып берді.

«Өткен оқу жылы ұстаздар мен оқушылар үшін оңай болған жоқ. Осыған қарамастан, педагогтар, оқушылар және олардың ата-аналары қашықтан оқыту форматынан өз деңгейінде өтті. Олар шыдамдылық танытып, оқуға және сапалы білім алуға ниет білдірді. Бірақ қашықтан оқыту офлайн оқытудың орнын баса алмайды. Жоғары сапалы білім алу керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін барлық білім беру ұйымдары Ashyq жүйесіне қосылды. Бұл жоба өз тиімділігін көрсетті, ал сүзгі біздің педагогтар мен оқушыларды қауіпсіздендіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мектептің медициналық пунктерінің жұмысын күшейту, оқу орындарын қорғаныс құралдарымен жабдықтау тапсырылды. Сақтық шаралары толық қабылдануы тиіс», – деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Елорда әкімі мұғалімдер мен оқу орындарының қызметкерлері, сондай-ақ ата-аналардың өздері арасында жаппай вакцинациялаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Бүгінде елордада педагогтардың 99%-і (бұл 16 мыңнан астам) және техникалық персоналдың 97%-і (5 мыңға жуық) вакцинацияланды. Вакцинация сіздің денсаулығыңызды да, айналаңыздағы жандардың және жақындарыңыздың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді. Вакцинация арқылы ұжымдық иммунитет қалыптасқаннан кейін ғана қала бұрынғы, карантинге дейінгі режимге орала алады.