Отыз жылдың тек үш жылында ғана ғылымға көңіл бөліне бастады – Жас ғалым

Еліміздегі магистрлер мен докторлардың бәрі ғылым саласында жүр ме? Әйтеуір Үкімет жастарға тағы бір мүмкіндік берді. Енді академиялық дәрежені арттыру үшін жылына екі рет емтихан тапсыруға болады. Шәкіртақы мөлшері де ұлғайған. Ғалымдарды ынталандыруға бұл жеткілікті ме? 

Егемендік алғанымызға 30 жыл. Бірақ кей салада әлі де ақсап тұрғанымыз рас. Мысалы, ғылымға анық көңіл бөліне бастағанына үш-ақ жыл болды. «Болашақ» бағдарламасымен Германияда білім алып, доктор атанған Иван Трусов осылай дейді. Жас ғалымның көңілі күпті. Оның айтуынша, мемлекетте ғылымның түрлі бағытын дамытуға асықпау керек. Алдымен нақты бір саланы жетесіне жеткізіп алған жөн дейді.

Иван Трусов, қолданбалы зерттеулер және әзірлемелер департаментінің директоры:

- Өкінішке қарай, 1990-2000 жылдары елдегі білікті ғалымдарымыз шетелге кетіп қалды. Қазір 20 мың ғылыми қызметкер бар. Ал Мәскеу мемлекеттік университінің өзінде 16 мыңы жұмыс істейді. Салыстырыңыз. Біздегі база нашар, қаржыландыру жағы мүлде көңіл көншітпейді. Түйткілдерді шешуге ғылыми емес, саяси шешім керек. Соңғы екі-үш жылда сең қозғалғандай болды, бірақ өшіп қалған ғылымды тірілту оңай болмайды.

Елдегі ЖОО ғылым магистрлары мен докторларын дайындайды. Тіпті Иван сияқты шетелден оқып келгендері аз емес. Бірақ барлығы бірдей зерттеу жасап, жаңалық ашып жүр деуге келмейді.

Сергей Пен, М.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университетінің ректоры:

- Жастардың ғылыммен айналысуға құлқы жоқ. Елде де біраз уақыт салаға көңіл бөлінбеді. Ғалымдардың әлеуметтік жағдайы әлі де ескерілмей келеді. Әрбір түлек «жетістікке жету үшін кім болуым керек?» деген сұрақ қояды өзіне. Бірақ ғылым жолын таңдайтындар анау айтқандай әлеуетті көрмегендіктен басын ала қашуы заңды. Біз қазір ғылыми қызметкерлеріміздің еңбекақысын көтердік. Басқалар олай ете алмайды. Сондықтан түлектеріміз жалақысы көбірек халықаралық ұйымдарға кетіп жатады.

Ал биылдан бастап магистратура мен докторантураға екі рет құжат тапсыруға болады. Бұл болашақ ғалымдардың санын арттыруға жасалған қадам. Олардың алдында үлкен жауапкершілік тұрғаны анық. 

Жанна Есенбаева, ҚР БҒМ Мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру басқармасының басшысы:

- Қолжетімділікті арттырып отырмыз, бір емес, екі рет мүмкіндік беріліп отыр. Стипендиясын жыл сайын арттырып отырмыз және магистр не доктор деңгейі бар үшін мектепте істейтін мұғалімдер қосымша үстемеақы алады. Сол жағынан оң өзгерістер бар деп айта аламын. 

Ал ұлттық ғылым академиясының Президенті 2025 жылға қарай саланы қаржыландыру ұлғаятынын айтты. 1%-ке. Ол нені өзгертеді? Ғылым мен ғалымдарымыздың әлеуеті қандай болмақ? Сұрақ көп. Бір белгілісі, елдегі ғалымдардың жетістігі көштен қалмауымызға ықпал етіп келеді.

Мерей Мұратханқызы, Аят Елшін