Маңғыстау облысына түрлі өңірлерден ЖОО-ның үздік түлектері тартылады – А.Аймағамбетов

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Жаңаөзен мен Ақтау қалаларына сапарында өңірдегі білім беру саласының барысымен танысты. Сондай-ақ облыстың білім беру жүйесінде қандай жұмыстар атқарылатынын айтты, деп хабарлайды Хабар 24.

«Кеше жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына бардым. Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында орналасқан мектептер, балабақша, колледж, университет және студенттік жатақханаларда болдым. 21 «Айзере» балабақшасының жұмысымен таныстым. Жаңаөзендегі 22 мектептің материалдық-техникалық жабдықтармен қамтылуын, оқу кабинеттерін, бейнебақылау камераларымен және дабыл түймелерімен жабдықталуын тексердім. Сондай-ақ «Каспий» колледжінің жұмысымен таныстым. Ақтауда 1200 орынға шақталған жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, нысанды осы жылдың ортасына қарай тапсыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 29 мектептің іргесін кеңейту мақсатында жүріп жатқан жапсарлас құрылыстың жұмысымен таныстым», – деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасына.

Оның айтуынша, білім ошағының жақында салынғанына қарамастан, жаңа тұрғын үй кешендерінің бой көтеруіне байланысты ауданда оқушы орындарының тапшылығы бар. Мердігер бір ай ішінде бұл мәселенің орнын толтыратын кеңейту құрылысын аяқтауға уәде берді.

«Сондай-ақ «Yessenov University» жоғары оқу орнына барып, академиялық артықшылық орталығын құру жобасының презентациясымен таныстым. Оқу корпусын аралаумен қатар студенттер тұратын жатақханаға барып, университеттің жаңа жатақханасының құрылыс барысын көрдім. Жоғары оқу орны бүкіл өңір үшін кадрлар даярлайтындықтан, жыл сайын оқуға және студенттер контингентіне сұраныстың өсуімен қатар, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету қажеттілігі де артып келеді», – деді министр. Осы орайда ол мұндай сапарлар барысында тәрбиешілермен, мұғалімдермен , мектеп және колледж директорларымен, сондай-ақ ЖОО-ның оқытушыларымен тілдесу өте маңызды екенін жеткізді.

Министр қалыптасқан дәстүрге сай әріптестермен кездесу өткізіп, барлық идея мен ұсыныстарды тыңдап, оларды толғандырған немесе қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Мектеп директорларымен кездесу барысында өңірге педагогтерді тарту, мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру бойынша жаңа жоба талқыланды. Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаттарымен жүздесу барсында министр олардың қаладағы білім беруді дамыту жөніндегі ұсыныстарын тыңдады. А.Аймағамбетов арнайы әлеуметтік пакет ұсынып, түрлі өңірлерден ЖОО-ның үздік түлектерін белсенді түрде тартатын аймақтардың қатарына Маңғыстау облысы да кіретінін баса айтып өтті.

«Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру да маңызды. Ол үшін білім беру ұйымдарының директорларына да, мұғалімдерге де арнайы курстар ұйымдастыратын боламыз», – деді ведомство басшысы.

Айта кету керек, облыста шетел университетінің филиалын ашу, жұмыс істеп тұрған Ш.Есенов атындағы университетті дамыту, университетте Академиялық ұтқырлық орталығының ашылуы, оған оқу ғимараты мен жатақхананың салынуы, облыс мектептерінің түлектеріне еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында білім алуы үшін қосымша атаулы гранттардың бөлінуі де – басты міндеттердің бірі. Сапар қорытындысы бойынша білім саласы үшін өзекті барлық мәселе бақылауға алынады және тиісті тапсырмалар берілетінін жеткізді.