Өңірлерде кәсіптік білім алу үшін қосымша 45 мың грант бөлінеді – БҒМ

Осылайша техникалық және кәсіптік білім беруге мемлекеттік тапсырыс 45 мың орынға артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды. «Республикалық бюджеттен өңірлердегі колледждерде білім алу үшін қосымша 45 мың грант бөлінеді. Мұндай шешім Президент тапсырмасын орындау мақсатында қабылданып отыр», – деп жазды министр.

Сондай-ақ «Жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту үшін мемлекеттік тапсырысты ұлғайту керек. Осы орайда биыл республикалық бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс 45 мың орынға артады. Сонымен қатар әкімдіктер де мемлекеттік тапсырыс бойынша 80 мың орынды жоспарлап отыр. Жалпы колледждерде тегін білім алуға 125 мың орын беріледі. Президенттің техникалық және кәсіптік білім беруді қайта қарауға қатысты тапсырмасы баршамызға аян», –деді Насымжан Оспанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70 проценті техникалық мамандықтарға беріледі.